Бір ғана маневр павлодарлық жүргізушіні куәлігінен айырды
Ол жолдың қарсы бағытына шығып кеткен, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар қаласындағы Малайсары батыр көшесінде Hyundai көлігінің жүргізушісі бірнеше минут үнемдеуді көздеп, тұтас сызықты кесіп өтіп, қарсы бағыттағы көліктерге қауіп төндірген.
Тәртіп сақшылары мұндай маневр жасағаны үшін айыпты жүргізуші заңнамаға сәйкес көлік құралын басқару құқығынан 6 айға айрылатынын атап өтті.
Қазіргі таңда құқық бұзған жүргізушіге қатысты материалдар сотқа жолданған.
- Мұндай маневрлер жарақат пен өлімге әкелетін ауыр жол-көлік оқиғаларының негізгі себептерінің бірі. Жыл басынан бері облыста осындай құқық бұзушылықтар үшін 74 жүргізуші көлік басқару куәлігінен айырылды, оның ішінде 40-ы Павлодар қаласында. Тұтас сызық — бұл қабырға екенін ұмытпау керек. Оны «бұзып өтпек» болған адам тек жүргізуші куәлігін ғана емес, өз өмірі мен өзгелердің өмірін де қатерге тігеді. Біздің басты мақсат — тәртіп пен қауіпсіздік. Полиция тәулік бойы жұмыс істейді. Бейнебақылау камералары мен патрульдік экипаждар әрбір құқық бұзушылықты тіркейді, — дейді Павлодар қалалық полиция басқармасының патрульдік полиция батальонының командирі Азамат Қалиақпаров.
Құқық қорғау өкілдері «Заң мен тәртіп» қағидаты қатаң сақталып, азаматтардың өміріне қауіп төндіретін әрбір адам қолданыстағы заңнама аясында тиісті жазасын алатынын еске салады.