Павлодарлық театр ардагері: Сыңсу салты өзінің маңызын жоғалтып бара жатқандай

Павлодарлық театр ардагері: Сыңсу салты өзінің маңызын жоғалтып бара жатқандай

@Pavlodarnews.kz тілшісі халқымыздың атам заманнан бастау алған сыңсу дәстүрінің қазіргі кезде бұрынғы қалпынан өзгеше болып бара жатқандығын баяндайды.

Сыңсу - қазақтың атам заманнан бастау алған зор тәрбиелік мәнге ие дәстүрлерінің бірі. Құда түсіп, сырғасы салынған, некесін қидырған қыздың үйінен ұзатылып шығарда ел-жұртымен қоштасып айтқан жыры. Оны «босағаға айтылған табалдырық жыры» деп те атайды.

–    Ұзатылған қыз өз босағасынан аттанар алдында жеңгесін ертіп ағайын-туғандарын аралайды. Қыз жай жүрмейді, ол өзінің балалық дәуренінің, оң жақта бұлғақтап өскен бақытты күндерінің өткендігін, аяулы ата-анасының, туысқандарының өзін мәпелеп өсірудегі еңбегін өлеңмен айта жүріп өксиді, - дейді Баянауыл «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрайымы Мәшім Жамбы.  

Зейнеткердің айтуынша, ұзатылған қыз керемет мақамға, әнге, әуенге келтіріп туған ауылына, ел-жұртына, аға-жездесіне, әке-шешесіне, барлық туысына, құрбы-құрдастарына қоштасу жырын айтады.

–   Базардан алған тақтайым

Сындырмай қайтіп сақтамайын.

Айналайын ақ апам,

Ақ сүтіңді қайтіп ақтайын.

Қызғалдақ еді құлпырған.

Барамын ұзап жұртымнан.

Тірегім болған әкешім,

Тілеушім болған сыртымнан, - деген жыр жолдарын айтып ұзатылған қыз өз босағасынан аттаған дейді ол.

Сыңсу өлеңдерін ақындар немесе қыздардың өздері шығарған. Байырғы заманнан қалыптасқан әні мен сөзі бар.

Сыңсу - қуаныш пен бақытқа толы жылау. Шерменде жыр емес, сыңғыр дауысқа толы жыр.

Бүгінде ғасырдан ғасырға жібі үзілмей жеткен ғибратты ғұрып әлі де өз жалғасын тауып келеді. Ұядан ұшыру тойында көрініс тауып жүрген бұл үрдісті ұзатылар қыздың көпшілік алдында айтып жүрген әнінен жиі байқайсың.

Десе де, бүгінде ескі салт өзінің маңызын жоғалтып жатқан жайы бар. Тіпті бастапқы мазмұнынан алшақтап бара жатқандай. Оған қазіргі тойларда сыңсуды ұзатылар қыздың өзі емес, тойда өнер көрсететін шоу бизнес өкілдері айтып жүргендігі көп кездеседі.

Жұрттан қалмайын деген желеумен шоуға негізделген сыңсу деп айтылып жүрген әннің түрі көп. Сыңсуды айтқан қыз төркінінен жат босағаға кетіп бара жатқандығын жүрекпен сезініп айтпаған соң, сыңсудың өз естілігін жоғалтып бара жатқандығының дәлелі деп ойлайсың.

Ата-бабамыздан ұрпаққа өнеге болып қалған дәстүрдің қаржы жинайтын саудаға айналып бара жатқанына қарап алаңдасаң, кейде салт өзгерсе де дәстүр жоғалмай жалғасып келеді деп қуанасың. Ескі ғұрып жаңаша сипатқа ие болып, жұртшылыққа ұнап, көп дұрыс деп жатса айтар ауыз бар, тыңдар құлақ жоқ болғаны анық. Тек заманның талабы сол деп талай тарих беттеріне көміліп қалмай, бізге жеткен дәстүрді ескіліктің қалдығы деп күресінге көміліп қалмаса бізге қуанышы сол болар.

Бөтен елде жүрседе өз ұлтының салтын ұмытпай, дәріптеп келе жатқан қандастарымыздың бары да қуантады. Атап айтқанда, қытай қазақтарында қазіргі уақытқа дейін ұзатылған қыз өзі сыңсу айтып, өсіп-ер жеткен босағасымен қоштасып ұзатылады. Қыз ұзатылар алдында анасы шашын өріп, ата-ана, ағайын-туыстарымен сыңсу айтып, қоштасып, жеңгелері босағадан шығарып салса, жезделері (ауылды жерде болса) атқа мінгізіп, шығарып салады.