Баянауыл бишілері үлкен сахнадағы дебюті сәттілікке ұласты

Баянауыл бишілері үлкен сахнадағы дебюті сәттілікке ұласты
Фото: автор

Конкурсқа барлығы үш пен 15 жас аралығындағы 257 бала қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Республикалық көпжанрлы өнер конкурсы «Колос» мәдени-ойын-сауық орталығында өтті. Балалар вокал мен хореография бағыттарынан бақ сынады. Байқаудың ұйымдастырушысы, Assel Production шығармашылық орталығының жетекшісі Әсел Мусина айтып өткендей, конкурс жоғары деңгейде өтті, балалар жақсы дайындық таныта білді.

Бишілер сынында мектепке дейінгі жас аралығында «Мандаринки», «Мармелад» және «Карамельки» топтары мен баянауылдық «Баян сұлу» халық би ұжымының қыздары үздік шықты. Кіші топта М. Катаев атындағы Оқушылар сарайының «Тип-топ» эстрадалық би студиясы жеңіске жетті.

- Біздің ұжым 2021 жылдан «Артспорт» бағдарламасы енген сәттен бастап жұмыс істеп келеді, - дейді «Баян сұлу» студиясының көркемдік жетекшісі Көкенай Айтмаханова. – Конкурс өте жақсы деңгейде өтті, қатысушылардың көптігіне қарамастан, ешкім ешкімге кедергі жасаған жоқ. Бұл мұндай деңгейдегі алғашқы қатысуымыз және жеңіске жеткеніміз тіпті қуанышты.

Он жасқа дейінгі би топтары арасында «Тип-топ» студиясының сапында жеңіске жеткен Дана Ғалымбек те жеңіске риза болды. Биыл жасы енді ғана жетіге толатынына қарамастан, Дана сахнада өзін еркін сезінеді. Жас биші суретті де жақсы салады, болашақта атақты румын спортшысы Надия Комэнечи секілті гимнаст болғысы келеді.   

Айта кетейік, хореографиядағы бас жүлдені «Лаборатория» биімен «Master meddle Pro» тобы иеленсе, вокал сыныда «Любовь похожая на сон» әнін шырқаған Assel Production тәрбиеленушісі Алан Рахмет ұтты.