Павлодарда мамандандырылған мектептің тәрбиеленушілері ерекше өнерімен көзге түсті
Олар жыл сайынғы дәстүрлі облыстық "Екі жұлдыз" балалар шығармашылығы байқауында бақ сынады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы білім басқармасының мәлімдеуінше, байқауға өңірдегі арнайы мектептер мен мектеп-интернаттарының 62 оқушысы қатысты.
Ерекше білім беру қажеттіліктері бар талантты қатысушылар вокал, хореография, аспаптық орындау, ым-ишарамен ән айту және клоун тәрізді 5 аталым бойынша өнер көрсетті.
Үздік атанған оқушының бірі Константин Еременко. Айтуынша, аталмыш байқауға жыл сайын қатысып жүр.
- Былтыр осы байқаудың аймақтық кезеңінде бірінші орын алдым. Онда мен «Мелодия души» әуенін ойнаған едім. Ал биыл "Полечканы" ойнап, тағы да үздік атандым, - дейді №1 арнайы кешен балабақша-мектеп-интернатының оқушысы Константин.
"Екі жұлдыз" балалар шығармашылығы байқауында әр аталым бойынша үздіктер анықталды. Мәселен, "Хореография" аталымында №4 АМИ тәрбиеленушілерінің "Рухты жастар" би тобы І орынды иеленді. Ал "Вокалда" №7 АМИ дуэті (тәрбиеленуші Жансая Мүбаракова және педагог Гүлмира Мусалимова) қарсыластарынан өза шапты.
«Ым-ишарамен ән айту» бойынша "Сүгір" әнін орындаған №1 арнайы кешен балабақша-мектеп-интернатының оқушылары топ бастаса, "Аспаптық орындау" номинациясында №7 АМИ тәрбиеленушісі Константин Еременко мен педагог Гүлнара Кауменованың дуэті бірінгі орынға лайық болды.
"Клоунада" аталымында "Силачи" нөмірімен №1 арнайы кешен балабақша-мектеп-интернатының оқушылары дараланды.
Ал Бас жүлдені «Прекрасное далеко» әнін орындаған №7 АМИ Әміре Ғайнетдинов пен Майра Тезекбай жеңіп алды.