Павлодарда 2025 жылға дейін үш жүзге жуық ауыл мектебі жаңартылады
Осы аралықта өңірде 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту көрсеткішін 95%-ға жеткізу жоспарланған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
ӨКҚ-де өткен баспасөз жиынында Павлодар облысы білім беру басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Баширова «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасының облыста жүзеге асырылуы жайлы айтты.
Жобаның міндеттерінің бірі – мектептерді жайлы, қауіпсіз және заманауи білім беру ортасымен қамтамасыз ету.
– Жоба аясында оқушы орындарының тапшылығын қысқарту үшін 2025 жылға қарай 7 мектеп салу жоспарланған. Одан бөлек, ауылдағы білім сапасын жақсарту үшін 2021 жылдан бастап 123 мектеп жаңартылып, 2023 жылы 54 нысанға жаңарту жұмыстарын жүргізуді жоспарлаудамыз. 2025 жылға дейін 273 мектеп жаңартылады, – деді Гүлмира Баширова.
Жобаның тағы бір міндеті – мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың қолжетімділігін және сапасын қамтамасыз ету. Бұл міндетті орындау нәтижесінде 2025 жылға қарай 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту көрсеткіші 95%-ға, 3 жастан 6 жасқа дейін 100%-ға жететін болады.
– Мектепке дейінгі біліммен қамту көрсеткіші Екібастұз қаласында 260 орындық №28 балабақшаны ашу есебінен артып, бүгінгі күні 92,2% немесе 36348 баланы құрайды, – деді Гүлмира Баширова.
Жалпы, бүгінде облыста 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды қамту - 100%, 2-ден 6 жасқа дейін - 92,2%, 1-ден 6 жасқа дейінгі балаларды қамту 83,8%-ды құрайды.
Сонымен қатар, балабақшаларда әлеуметтік қорғалмаған отбасылардан шыққан 6 мыңнан астам балаға тегін тамақтану ұйымдастырылды. Бұл мақсатқа бюджеттен 1,8 млрд теңге бөлінді.
Айта кетейік, облыста 37,7 мыңнан астам бала тәрбиеленетін барлығы 381 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. 2023 жылы жеке меншік балабақшаларда мемлекеттік тапсырысты 175 орынға ұлғайту есебінен 2 жастан 6 жасқа дейінгі балалардың қамтылуын 93%-ға дейін арттыру жоспарланған.
Фото: Константин Шелков