Павлодарлық шебер қамшының түрлері жайлы айтып берді
Қамшыны ұстаудың да өз өзіндік сыры бар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
«Достық үйінде» «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» ұлттық жобасы аясында облыстық Аналар кеңесінің ұйымдастыруымен «Отбасы – тәрбие іргетасы» қазақ ұлттық салт-дәстүрлері фестивалі өтті. Фестиваль барысында Ыбырай Алтынсарин атындағы мектепте «Қамшы өру» үйірмесінің шебері қамшының түрлері мен қамшы өру өнері жайлы айтып берді.
– Қамшының түрлері көп. Мәселен, қазақтың сары-ала қамшысы. Бұл қамшыны атқа мінерлер, билер, болыстар ұстаған. Бұл қамшы керек кезде сөйлеген. Тағы осындай қамшылардың бірі – дүр қамшы. Бұл қамшы қару-жарақ ретінде пайдаланылған. Сабының ішіне сым-темір салынып, қайыстың ұшына қорғасын құйылады, – дейді Қайыржан Ахметов.
Қолөнершінің айтуынша, қамшыны ұстаудың да өз орны болған. Адам қамшыны ұстау арқылы қандай мақсатпен бара жатқанын түсінуге болады.
– Көбі қамшыны үйіне іліп қояды. Оны ұшынан емес, бүгіп іліп қою керек. Егер қамшы ұшынан ілінсе, үйдің иесі жоқ екендігін білдіреді. Қамшыны ұстаудың да түрлері бар. Негізі қамшыны қайысымен ұстап жүру керек. Егер де қайысын бос жіберіп қоятын болса, ол дауға келе жатыр деген мағынаны білдіреді, – дейді ол.
Қамшы шебері іс-шара соңында өз немересіне бәсіре қамшыны табыстап, көпшілік алдында батасын берді. Бәсіре қамшы – жеткіншек 13-ке келгенде балаға бәсіре тай атаған кезде берілетін қамшы.