Павлодар облысының жас ақындары жыр айтып сынасады
Іс-шара Мүбәрак Жаманбалиновтың 100 жылдық мерейтойына орайластырылған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Мүбәрак Жаманбалинов – балалар әдебиетінің көрнекті өкілі, ақын жазушы, Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген Мәдениет қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Ертіс ауданының «Құрметті азаматы».
Ертіс ауданының орталық кітапханасы баспасөз қызметінің мәліметінше, 7 қыркүйек күні сағат 10:00-де «Балбұлақ жырдың бастауы» атты жыр мүшәйрасы өтеді.
– Іс-шараның мақсаты – ақын есімін ұлықтау, ақын шығармашылығын дәріптеу, ұлт әдебиетін терең мағыналы, асқақ рухты жаңа жырлармен толықтыру, – дейді ұйымдастырушылар.
Мүшәйраға 18-35 жас аралығындағы ақындар қатыса алады.
– Жыр мүшәйрасына бұған дейін ешқайда жарияланбаған шығармалар қабылданады. Шығармалар электрондық нұсқада «MicrosoftWord» форматында 14 кегльмен, 1,5 интервалмен, «TimesNewRoman» қарпімен ғана жазылуы тиіс. Қатысушылар М.Жаманбалиновқа арналған бір арнау өлең және балалар әдебиетіне арналған бір өлең жолдайды. Поэзиялық шығармалардың көлемі 2-3 беттен аспауы керек, – делінген байқау шарттарында.
Сонымен қатар, қатысушылар өзінің қысқаша өмірбаяны туралы мәліметті (аты-жөні, байланыс нөмірін) қоса жолдауы керек. Барлық шығармалар irt_bibl@mail.ru электронды поштасына «М.Жаманбалиновтың 100 жылдығына арналған «Балбұлақ жырдың бастауы» атты жыр мүшәйрасы» деген атпен жіберіледі.
Өтініштерді қабылдау 30 тамыз күні тоқтатылады. Ең үздік деп танылған шығармалар 7 қыркүйек күні М.Жаманбалиновтың 100 жылдық мерейтойында марапатталады.
– Бірінші, екінші, үшінші орындарға ие болған қатысушылар бәйге жүлделерін иеленеді. Сондай-ақ ең үздік үш шығарма сол күнгі гала-концерт бағдарламасына енгізіледі. Марапаттау рәсіміне қатысу шығындары қатысушының есебінен болады, – дейді ұйымдастырушылар.
Байланыс телефоны: +7(777)498-71-79 – WhatsApp.
Өтетін орны: Ертіс ауылы, Иса Байзақов көшесі, 13 – Ертіс аудандық Мәдениет үйі.