Павлодарлық вице-мисс аруының скрипкадағы ойыны Түркияда жоғары бағаланды
Қазақ әртісінің әйгілі туындысы оған гран-при әкелді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Алания қаласында III Global art competition халықаралық байқауы өтті. Оған Түркіменстан, Беларусь, Украина, Түркия Қазақстан елдерінен келген жас музыканттар жиналды. Астана, Алматы, Петропавл, Павлодар қаласының 30-дан астам қатысушылары да өнерлерін ортаға салды.
Global art competition байқауының гран-при иегері қалалық музыкалық колледж-дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының шәкірті Дильназ Жанкушукова атанды.
– Мен Евгений Брусиловскийдің «Романс» туындысын, Игорь Фроловтың «Порги и Бесс»туындыларын орындап шықтым. Еш қиындық болған жоқ. Өзімді қолға алып, жинап бүкіл күшімді салдым, – деді Дильназ.
Скрипкашы қойылымнан кейін оған бірнеше адам жақындап, «Романсты» кім жазғанын сұраған еді.
Павлодарлық сайыскердің педагогы Яна Касьянның пікірінше, халықаралық байқау жақсы дайындалған талантты орындаушыларды жинады. Осындай байқаулар дарынды балалардың қаншалықты көп екенін көрсетеді. Қазақстандық орындаушылардың даярлығын қазылар алқасы жоғары деңгейде екенін атап өтті.
Бірінші орынға павлодарлық орындаушылар Әмина Ғабдуллина, Аделина Әбілдинова, Тимур Айтмағамбетов және Аружан Қаршыға иеленді.
Естеріңізге сала кетейік, осы жылдың қыркүйек айында «SILK WAY CREATIVE GAMES» XIV Ұлттық Дельфий ойындарында Дильназ Жанкушукова мен алтыншы сынып оқушысы Анель Данияр өздерінің жас санаттарында алтын медаліне қол жеткізді. Сонымен қатар, жас скрипкашы Дильназ Жанкушукова «Павлодар аруы» байқауында вице-ару атағына ие болды.