Павлодар облысында ет бағасы қаншалықты қымбаттаған?

Елімізде өткен айда сиыр етінің келісі үш мың теңгені құрады. Бір жыл бұрын сәуірде 2,7 мың теңге болған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Energyprom.kz Құрбан айт қарсаңында ет бағасына сараптама жүргізген. Сонымен, ағымдағы жылдың сәуір айының қорытындысы бойынша ет пен ет өнімдерінің бағасы бір айда 1,4% және бір жылда 9,1% өсті.
Айлық динамикада ет пен құс еті – 1,5%, жылдық динамикада 9,3% қымбаттады. Шұжықтардың бағасы бір айда 1,1% және бір жылда 6,7% өсті, ет өнімдері бір айда 1,2% және бір жылда 10,2% қымбаттады.
Еттің нақты түрлеріне келетін болсақ, бір айда сиыр еті – 2,2%, жылқы еті – 1,5%, шошқа еті – 0,7%, қой еті – 3,3% қымбаттады, ал құс еті керісінше арзандады. Жылдық динамикада сиыр еті – 13,2%, жылқы еті – 4,9%, шошқа еті – 2,8%, қой еті – 11,1%, құс еті 4% өсті. Пісірілген шұжық бір айда – 1,7% және бір жылда – 7,2%, ысталған шұжық бір айда – 1,3% және бір жылда 6,4% қымбаттады.
Өңірлік бөліністе ет және ет өнімдерінің бағасы ай сайынғы серпінмен Батыс Қазақстан (2,9%-ға) және Жамбыл (2,6%) облыстарында, сондай-ақ Шымкентте (2,1%) айтарлықтай қымбаттаған. Павлодар облысында 0,4% ғана өскен.
ҚР 20 өңірінің ішінде тек Ақмола облысында бағалар өткен ай деңгейінде қалды. Жылдық динамикада сектордағы бағаның ең көп өсуі Ұлытау облысында байқалды: 14,9%. Одан кейін Шымкент (13,6%) және Ақмола облысы (13,3%) тұр.