Павлодарда синтетикалық есірткі таратқан тұрғын ұсталды
Ол мессенджер арқылы заңсыз бизнеспен айналысқан, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жедел іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл жөніндегі қызметкерлер синтетикалық есірткіні заңсыз таратқан деген күдікпен Павлодар қаласының тұрғынын ұстады.
– 38 жастағы жұмыс істемейтін жергілікті тұрғын есірткіні қашықтықтан сатуға тырысқаны анықталды. Ол пластикалық контейнерлер мен психотроптық зат салынған пакеттермен ұсталды. Тұрғылықты жері бойынша тағы 43 зат салынған пакет, электронды таразы, бос полимерлі пакеттер, компьютер мен телефон тәркіленді. Сараптама қорытындысына сәйкес алынған зат синтетикалық болып шыққан. Салмағы 40 грамнан асады, бұл аса ірі мөлшерге жатады, – деді Павлодар облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Болат Нұрсейітов.
Нәтижесінде заңсыз бизнестің схемасы белгіленді. Ер адам «Курьер» деп аталатын интернет-мессенджерлерде хат алмасу арқылы «куратордан» есірткінің ірі партияларын жеткізу бойынша нұсқаулар алған. Кейін күдікті есірткіні жасырын қоймаларға қойған.
Есірткі құралдарын немесе психотроптық заттарды заңсыз дайындау, өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Күдікті қамауға алынды.