«Student street»: Марғұлан университетінде студенттік ұйымдар жәрмеңкесі өтті

«Student street»: Марғұлан университетінде студенттік ұйымдар жәрмеңкесі өтті
Фото: Марғұлан университетінен

Жәрмеңке – студенттердің шығармашылық, қоғамдық және кәсіби әлеуетін дамытуға бағытталған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Іс-шара университеттің белсенді студенттерін бір алаңға жинап, білім алушыларға оқу ордасындағы түрлі студенттік ұйымдардың жұмысымен танысуға мүмкіндік берді. Жәрмеңкеге студенттік парламент өкілдері, студенттік ұйымдардың көшбасшылары және университет өміріне белсенді араласуға ниетті жастар қатысты.

Жәрмеңкенің ашылуында студенттік өзін-өзі басқару өкілдері сөз сөйлеп, ұйымдардың негізгі бағыттары мен алдағы жоспарларын таныстырды. Қатысушылар алдында студенттік парламент мүшелері, студенттік министрлер, жоғары мектеп декандары және студенттік ұйымдардың көшбасшылары сөз алып, өз тәжірибелерімен бөлісті.

Биыл жәрмеңкеде университеттің 14 студенттік ұйымы өз қызметін таныстырды. Олардың қатарында MU Media, Жастар ісі жөніндегі комитет, «Жастар рухы» жастар қанаты, «Lotos» волонтерлік ұйымы, ZHERUIYQ SPACE, «Ақиқат» және «Veritas» дебат клубтары, Enactus Margulan командасы, «Ғибрат» театры, «Құс қанат ғұмыр» әдеби-поэтикалық ұйымы, «Li-Femme» клубы, MU Entertainment және «Мұрагер» би ұжымдары бар.

–  Әр ұйым өз қызметінің ерекшелігін таныстырып, студенттерге ұсынатын мүмкіндіктері мен жобалары туралы ақпарат берді. Қатысушылар мобилография, волонтерлік және қоғамдық қызмет, пікірсайыс, театр, әдебиет, би, шығармашылық және жобалық жұмыс секілді түрлі бағыттармен танысты, – деді университеттің баспасөз қызметінде. 

Жәрмеңке барысында студенттер ұйым жетекшілерімен тілдесіп, өздерін қызықтырған бағыттар бойынша сұрақтарына жауап алды. Сонымен қатар, белсенді жастар жаңа жобалар мен бастамаларды талқылап, өз идеяларын жүзеге асыруға мүмкіндік беретін ортаны қалыптастырды.