COVID-19-ға ұқсас вирус: павлодарлық эпидемиологтар не дейді?
Бұған дейін әлеуметтік желілерде өңір тұрғындары тамақтың қатты ауыруына, жөтелге, сондай-ақ дәм мен иіс сезу қабілетінің жоғалуына шағымданған болатын, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау қызметі әзірге жаңа вирустың тіркелмегенін мәлімдеді.
- Бұл - әзірге қауесет деңгейіндегі ақпарат. Қазіргі эпидемиологиялық маусымда тұмаудың бұрыннан белгілі штамдары айналымда жүр. Атап айтқанда, А типті H3N2, H1N1 тұмауы және В типті тұмау кездеседі. Тіркеліп жатқан белгілер негізінен жедел респираторлық вирустық инфекцияларға тән. Сондықтан алаңдауға негіз жоқ, - деді облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Батырбек Әлиев.
Дегенмен, SARS-CoV-2 вирусы да айналымнан толық шыққан жоқ. Эпидемиологиялық маусым басталғалы COVID-19 инфекциясына 177 зертханалық сынама тексерілген. Оның 8-інен оң нәтиже анықталған.
Ақ желеңділер тұрғындарды әлеуметтік желілердегі расталмаған ақпаратқа сене бермеуге, ауру белгілері байқалған жағдайда дәрігерге қаралуға және жеке профилактика шараларын сақтауға шақырады.