Павлодарда бағаны көтерген ірі сауда желісі айыппұл төледі
Кәсіпкерлік субъектісі бір жылда ескертуді елемей, сауда үстемесін түсірмеген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті тұрақты түрде сауда саласында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесінің 15%-дан асып кетпеуіне бақылау жүргізеді.
– Жоспардан тыс тексеру барысында Павлодар қаласындағы ірі сауда желісіне әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бойынша сауда үстемесін қайта асырғаны үшін 1 107 600 теңгеге айыппұл салынды, – деді департаментте.
Сондай-ақ, жоспардан тыс тексерулер түбіртектегі және витринадағы баға белгілерінің сәйкес келмегенде, сөрелерде баға болмаған жағдайда бұзушылықтарды анықтаған азаматтардың өтінішінен кейін де жүргізіледі.
Бұзушылықтар анықталған жағдайда тұрғындар департаментке мына мекенжай бойынша жүгіне алады: Ген. Дүйсенов көшесі, 9, үшінші қабат, 304 кабинет немесе «жедел желі» телефоны бойынша 55-10-70 хабарласып, кеңес алуға болады. Сондай-ақ өтініштер Е-өтініш, Е-тұтынушы порталы және @kzpp_bot Telegram каналы арқылы қабылданады.