Су үнемдеу технологияларымен қамтылған алқап көлемі 700 мың гектардан асты
Технологиялар суармалы жерлердің 36%-ын қамтиды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz
Қазақстанда ауыл шаруашылығында су ресурстарын тиімді пайдалану және заманауи суару технологияларын енгізу жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл бағытта шаруаларды мемлекеттік қолдау шаралары күшейтіліп, ирригациялық инфрақұрылым жаңғыртылуда.
2023 жылы заманауи суару жүйелері 237,1 мың гектарға енгізілсе, 2026 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша бұл көрсеткіш 702,3 мың гектарға жетті. Оның ішінде биылдың өзінде су үнемдеу технологиялары қосымша 158,8 мың гектар алқапқа енгізілген.

Тамшылатып суару қолданылатын алқап көлемі де айтарлықтай өсті. 2023 жылғы 42,5 мың гектардан биыл 254,3 мың гектарға дейін жетті. Ал жаңбырлатып суару алқабы 188,3 мың гектардан 379 мың гектарға ұлғайды.
2030 жылға қарай су үнемдеу технологиялары қолданылатын алқап көлемін 1,3 млн гектарға жеткізу жоспарланып отыр. Бұл жыл сайын 2,2 млрд текше метрге дейін су үнемдеуге мүмкіндік береді деп күтілуде.
Саланы қолдау мақсатында су үнемдеу жүйелерін сатып алу және орнату шығындарын өтеу үлесі 80%-ға дейін ұлғайтылды. Ал суару суының құнын субсидиялау көлемі 85%-ға дейін артты. 2026-2028 жылдары осы бағыттағы инвестициялық субсидияларға 214,6 млрд теңге қарастырылған.

Сонымен қатар суару жабдықтарын шығаратын отандық кәсіпорындар саны екі жылда төрттен жетіге дейін өсті. Олардың өндірістік қуаты жылына 3 390 жаңбырлатқыш машина шығаруға жетеді.
Су үнемдейтін суару жүйелерін кеңінен қолдану су ресурстарын сақтауға, суару кезіндегі шығындарды азайтуға мүмкіндік береді, сонымен бірге, отандық жабдық өндірісінің дамуын ынталандырады.
Ауыл шаруашылығында су үнемдеу технологияларын енгізу туралы PrimeMinister.kz редакциясының шолуынан оқи аласыздар.