Ұлттық ұланның Павлодардағы әскери бөліміне сарбаздардың алғашқы легі келді
Әскери бөлімінің командирлеріне Абай облысының жас сарбаздары табысталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ұлттық ұланның Павлодар қаласындағы 5512 әскери бөліміне келген жас толымның алғашқы легі Абай облысынан келді. Әскер қатарына жаңадан келген сарбаздарды жауынгерлік өмірге бейімдеу қажет. Ол үшін әскери психолог мамандар әскерге келген әр сарбазбен жеке әңгімелесулер жүргізіп жан – жақты зерделеп, әрі қарай әскери өмірдің қыр-сырын үйрету мақсатында взвод командирлеріне табыстайды.
– 2026 жылдың екінші шақырылымында еліміздің бес облысынан әскери бөлімге келетін сарбаздарының саны 200-ге жуық. Сарбаздардың алғашқы легін теміржол вокзалынан салтанатты түрде оркестр әуенімен қарсы алдық. Жас толықтырушыларды әскери бөлім басшылығы, оқу пунктінің әкімшілігі күтіп алды. Оларға әскери бөлім алдында қойылған міндеттері түсіндіріліп, бөлім тарихы мазмұнды түрде баян етілді, - дейді 5512 әскери бөлімінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар бөлімшесінің бастығы капитан Ерсұлтан Қадырбаев.
Әскери бөлім күні ертең Алматы, Көкшетау, Шығыс Қазақстан облысынан және Астана қаласынан келетін жастармен толығады. Жоспарға сәйкес, жаңадан келген сарбаздар бір ай бойы жас жауынгер курсынан өтеді. Сарбаздар үшін Отан алдындағы борышты өтеу – алға қойған алғышарттардың бірі.
– Мен әскерге Семей қаласынан шақырылдым. Павлодар қаласының ауа райы да Семейге ұқсас әрі қолайлы екен. Астана қаласына сапар шеккенімде талай мәрте бұл қалаға жолшыбай соққаным бар. Сондықтан бұл қала мен үшін таңсық емес. Отан алдындағы борышымызды өтеу барысында ең маңыздысы – төзімділік, тәрбие және де адалдық, - дейді қатардағы жауынгер Нұртай Сержанұлы.
Әскери борышын өтеуге келген сарбаздар алдағы бір жыл ішінде шыңдалып, нағыз Отан қорғаушысы болып қалыптасады. Ол үшін олар әскери тәртіпке бейімделіп, күн сайын жаттығып, әскери өмірдің барлық сынағынан өтуі тиіс.
Айта кетейік, жас сарбаздардың салтанатты түрде әскери ант қабылдау рәсімі қазан айының соңына жоспарлануда.