Павлодарда мыңға жуық адамның мобильді аударымдары назарға ілікті

Павлодарда мыңға жуық адамның мобильді аударымдары назарға ілікті
Фото:Рexels.com

Олардың жүзден астамы жеке кәсіпкер, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметінше, өңірде жеке банк шоттарына ақша қабылдаған 819 азамат анықталған. Олардың 114-і – жеке кәсіпкер. Олар тауарлар мен қызметтер үшін төлемді кәсіпкерлік қызметке арналған шоттарға емес, жеке шоттарына қабылдаған.

– Мәселен, 69 адамның шотына түскен қаражат көлемі 10 миллион теңгеден асқан. Әсіресе, шағын дүкендерде, көкөніс сататын бөлімдерде немесе басқа сауда нүктелерінде сатушылар сатып алушылардан ақшаны телефон нөмірі арқылы аударуды сұрайды. Мұндай кезде төлем алушы ретінде жеке тұлға көрсетіледі. Егер кәсіпкер тауардың ақысын жеке шотына қабылдап, оны ресми кіріс ретінде көрсетпесе, бұл салық заңнамасын бұзу болып саналады, – деді Павлодар облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті түсіндіру жұмысы және байланыс орталығы басқармасының басшысы Төлеген Шаймарданов.

Мемлекеттік кірістер органдарының түсіндіруінше, бақылаудың негізгі мақсаты – заңсыз кәсіпкерлік қызметті анықтау және табысты жасыру жағдайларының алдын алу. 

Туыстар мен таныстар арасындағы қарапайым ақша аударымдары өздігінен салық салуға негіз болмайды. Қарызды қайтару, жақындарға қаржылай көмек көрсету, сыйлық алуға ақша жинау сияқты тұрмыстық мақсаттағы аударымдар кәсіпкерлік қызметке қатысы болмаса, салық салынатын табыс болып есептелмейді.

Айта кетелік, 10 қарашадан бастап елімізде мобильді аударымдарды бақылау талаптары өзгереді.  Ақшалай шек бұрынғы  ең төменгі жалақыдан, яғни 1 020 000 теңгеден 1 557 000 теңгеге дейін ұлғаяды. Егер жеке тұлғаның банк шотына ай сайын 100 және одан да көп әртүрлі адамнан ақша түсіп, үш айдағы аударымдардың жалпы сомасы 360 АЕК-тен асса банктер салық органдарына мәліметтерді жібереді.