«Тәртіпбек» маскоты павлодарлықтарға қауіпсіздік ережелерін түсіндірді
Павлодар қаласында «Заң мен тәртіп» идеологемасы аясында «STOP LINE» ақпараттық-профилактикалық акциясы өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Іс-шара барысында «Тәртіпбек» маскоты тұрғындармен кездесіп, құқық бұзушылықтардың алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті сақтау жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Акцияның негізгі мақсаты – тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыру, заң талаптарын сақтауға шақыру және жеке әрі қоғамдық қауіпсіздікке деген жауапкершілікті қалыптастыру.

Іс-шара аясында «Заң мен тәртіп» идеологемасының арнайы символикасымен безендірілген брендтелген трамвай пайдаланылды. Ол қала тұрғындарына ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуге арналған мобильді алаңға айналды.
Жастар бастамаларын дамыту орталығының фронт-офис волонтерлері «Тәртіпбек» маскотымен бірге жолаушыларға тақырыптық ақпараттық парақшалар таратып, қоғамдық тәртіпті сақтаудың маңыздылығын түсіндірді.

Профилактикалық акция барысында буллинг пен кибербуллингтің алдын алу, есірткі заттарының таралуы мен қолдануына қарсы күрес, лудомания және өзге де тәуелділік түрлерінің профилактикасы мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сонымен қатар, тұрғындарға құқыққа қайшы әрекеттердің салдары және қиын жағдайға тап болған кезде көмекке уақытылы жүгінудің маңыздылығы айтылды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, «STOP LINE» акциясы маңызды әлеуметтік және құқықтық ақпаратты тұрғындарға тікелей жеткізуге мүмкіндік берді. Мұндай шаралар қоғамда заңға құрметті қалыптастырып, әр азаматтың қауіпсіздікке деген жауапкершілігін арттыруға бағытталған.