Апаттық қызмет келмейді, қоқыс терезеге ұшады: павлодарлықтар әкімге шағымданды
Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбеков Достоевский көшесіндегі №39 үйдің тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында тұрғындар сыртқы инженерлік желілерді коммуналдық меншікке беру және қоқыс контейнерлері алаңының жағдайына қатысты мәселелерді көтерді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Тұрғындардың бірі үйдің сыртқы инженерлік желілері коммуналдық меншікке берілуі тиіс екенін айтып, апаттық жағдай кезінде тиісті қызметтердің келмейтініне шағымданды.
– Бізде болмашы апат немесе қандай да бір төтенше жағдай орын алса, ешқандай апаттық қызмет келмейді, – деді тұрғын.
Бұған қала әкімі Хасар Хабылбеков заң бойынша инженерлік желілер коммуналдық меншікте де, жеке меншікте де болуы мүмкін екенін түсіндірді. Оның айтуынша, ортақ желілер кейін тиісті ұйымдардың теңгеріміне өтеді.
– Ортақ желілердің барлығын кейін өз теңгерімімізге аламыз. Одан соң тиісті монополистерге – «Водоканалға», электр желілері мен жылу желілері ұйымдарына береміз, – деді шаһар басшысы.
Тұрғындар көтерген екінші мәселе – аулаға жақын орналасқан ескі үлгідегі қоқыс контейнерлері. Олардың айтуынша, қоқысты тиеу және түсіру кезінде қалдықтар жан-жаққа шашылып, үйдің терезелеріне дейін ұшады.
Қала әкімі контейнерлік алаңның орнын ауыстыру үшін тұрғындардың ортақ шешімі қажет екенін атап өтті.
Кездесу қорытындысы бойынша инженерлік желілерді тиісті ұйымдардың теңгеріміне беру мәселесі шешілетін болды. Ал контейнерлік алаңды абаттандыру және оның орнын өзгерту мәселесін тұрғындар өзара келісіп, пәтер иелерінің қолдарын жинау арқылы пысықтауы қажет. Бұл мәселе келесі жылы қаралады.