Павлодарда ауланатын шортан жүрек пен көзге пайдалы екенін білесіз бе?

Павлодарда ауланатын шортан жүрек пен көзге пайдалы екенін білесіз бе?
Фото: pixabay.com

Бірақ балықтың бұл түрін жиі жеуге болмайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Шортан – Павлодар өңіріндегі өзен-көлдерде кең таралған балық. Оны Ертіс өзені мен Окуневка өзенінен, Қамысты көлінен және Қаныш Сәтбаев атындағы каналдың су қоймаларынан кездестіруге болады. Өңірде салмағы 10-12 келіге дейін жететін ірі тұқымдары да ауланады.

Шортанның тағамдық құндылығы оның құрамындағы ақуыз, калий, магний, селен, мырыш және В тобының дәрумендерімен бай болуында. Сонымен қатар, балықта А дәрумені мен полиқанықпаған май қышқылдары бар. Бұл қоректік заттар жүрек-қан тамырлары жүйесінің, иммунитеттің және көру мүшелерінің қалыпты жұмыс істеуіне қажет.

– Шортан жүрек-қан тамырлары жүйесіне пайдалы болуы мүмкін. Оның құрамындағы толыққанды ақуыз, калий мен магний жүрек бұлшықетінің қалыпты жұмысына қатысады. Сонымен қоса, қаныққан майлардың аз болуы оны майлы ет өнімдеріне жақсы балама етеді. Алайда шортандағы омега-3 мөлшері албырт, скумбрия немесе майшабаққа қарағанда әлдеқайда төмен, – дейді терапевт дәрігер Кристина Сорокина.

Маманның айтуынша, шортан құрамындағы ақуыз иммундық жасушалар мен антиденелердің түзілуіне қажет. Ал селен жасушаларды тотығу үдерістерінен қорғауға қатысады. В12 дәрумені қан түзілуі мен жүйке жүйесінің жұмысы үшін маңызды. 

Балық құрамындағы калий қан тамырларының қалыпты тонусын сақтауға және артериялық қысымды реттеуге қатысады. В12 дәрумені эритроциттердің түзілуіне көмектеседі. Алайда шортан гипертонияны емдемейді және дәрі-дәрмектің орнын алмастырмайды. Әсіресе, тұздалған, ысталған және кептірілген балықты қан қысымы жоғары адамдарға шектеген жөн.

Шортанның көз саулығына да пайдасы зор. «Mediker Yertis» ЖШС офтальмологы Айсұлу Ардабаеваның сөзінше, А дәрумені көздің торлы қабығындағы жарықты қабылдайтын родопсин пигментінің түзілуіне қатысады. Ол қараңғыда көру қабілетін қолдайды. Мырыш А дәруменінің көз торына жеткізілуіне көмектессе, В2, В6 және В12 дәрумендері жүйке жүйесінің қалыпты қызметіне қажет.

– Омега-3 май қышқылдары көз жасы үлдірінің сапасын жақсартуға ықпал етеді. Бұл көздің құрғауын азайтуға оң әсер етуі мүмкін. Көру қабілеті төмен адамдарға балықты аптасына екі-үш рет тұтынуға кеңес беремін. Дегенмен дұрыс тамақтану миопия, гиперметропия немесе астигматизмді емдемейді, – дейді Айсұлу Ардабаева.

Шортанды балалар мен егде жастағы адамдар да тұтына алады. Балаларға бергенде ұсақ сүйектерін мұқият тазалау қажет. Бұған қоса, жыртқыш балық болғандықтан, оның ағзасында сынап пен басқа да ластаушы заттар жиналуы мүмкін. Сондықтан балаларға шортанды жиі бермей, шығу тегі белгілі су айдындарынан ауланған балықты таңдаған дұрыс.

Дәрігер балықты шикі немесе шала піскен күйде тұтынбауға кеңес береді. Оны толық термиялық өңдеуден өткізіп, ішкі температурасын кемінде 63 градусқа жеткізу керек. Бұл паразиттік инфекциялардың қаупін азайтады.

Ғылыми зерттеулер балықты тұрақты тұтынудың жүрек-қан тамырлары саулығымен байланысын көрсетеді. 2020 жылы жарияланған 298 проспективті зерттеуді қамтыған 34 метаталдауға шолу балықты көбірек тұтыну жүрек-қан тамырлары ауруларынан болатын өлім, инфаркт пен инсульт қаупінің төмендеуімен байланысты екенін анықтаған. Алайда бұл нәтижелер балықтың аурулардың алдын алатынын толық дәлелдемейді. Сондай-ақ балықты қуырып тұтыну пайдалы әсерін төмендетуі мүмкін.

Осылайша, Павлодар өңірінде кең таралған шортан – ақуыз бен маңызды микроэлементтердің көзі. Бірақ та оның пайдасын сақтау үшін балықтың шығу тегіне, мөлшеріне және дайындалу тәсіліне мән берген жөн.