Тереңкөл ауданында бос қалған тубдиспансердің ғимаратына аудандық аурухана көшірілмек
Тереңкөл ауданының тұрғындарымен кездесуден кейін облыс әкімі Асайын Байханов қараусыз қалған тубдиспансерді аралады, деп хабарлайды @Рavlodarnews.kz тілшісі.
Тереңкөл ауданы бас дәрігері Дамир Фахирслямовтың мәліметінше диспансер абаттандырудан өткен, барлық коммуникациялар жұмыс істейді, медицина қызметкерлерінің штаттары бар. Карантин кезінде Тереңкөл ауданының тұрғындарынан басқа Успен, Железин аудандарының тұрғындары келіп ем алған.
2006 жылы тұрғызылған тубуркулезге қарсы диспансер бүгінгі таңда қараусыз қалған. Бос жатқан медициналық орталықты Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов аралап, қарап шықты.
– 2000 шаршы метрлік ғимаратты бос қалдыруға болмайды. Аудандық аурухананы осында көшірген жөн болар. Ол үшін тұрғындардың пікірлерін тыңдау керек, – дейді аймақ әкімі.
Аудандық аурухана 265 адамға арналған. Ғиамаратта 25 түнгі, 13 күндізгі төсектік стационар бар.
Диспансер 1,5 жыл бойы бос тұр. Карантин уақытынан кейін тек алты науқас ем қабылдаған, ал ғимарат 35 адамға арналған. Бүгінгі таңда науқастардың қарасы да көрінбейді. Төсектер жинастырылып, ғимарат қараусыз қалған.
Естеріңізге сала кетейік, биыл Тереңкөл ауданының орталық ауруханасының сумен жабдықтау, жылыту және кәріз жүйелерін күрделі жөндеу жоспарланған. Бүгінгі таңда ғимараттың тозуы 56%-дан асады.