Павлодар облысының дәрігерлері: Қызылшаға көбіне балалар шалдығуда
Елімізде зертхана арқылы қызылшаның 75 жағдайы расталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы ӨКҚ-да өткен баспасөз жиынында Павлодар облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Зәмзәгүл Досжанова мәлім етті.
Оның айтуынша, 27 наурыздағы жағдай бойынша биыл елімізде 145 қызылшаға күдікті жағдай тіркеліп, зертханалық зерттеу арқылы 75 жағдай расталды. Оның ішінде 68 жағдай 14 жасқа дейінгі балаларда, 7 жағдай ересек ададмарда анықталды.
Павлодар облысында қызылшаға күдікті 4 жағдай тіркеліп, 1 жағдай расталды. Қызылшаға 1 жас 2 айлық бала шалдыққан.
– Ол бала вакцина алған. Бірақ иммунитет қалыптасып үлгермеген және әлсіреп қалған. Бала жазылып, ауруханадан шықты. Бұл жағдай 2 ай бұрын болды, – деді Зәмзәгүл Досжанова.
Еліміздегі қызылшаға шалдыққандар арасында 69 пайызы немесе 52 жағдай қызылшаға қарсы вакцина егілмеген балаларда тіркелді.
– Осыған байланысты қазір қызылшаға қарсы иммунизациялау жүруде. Оның ішінде бұрын егілмеген балалар егілуде. Қызылша басында тұмауға ұқсайды. Температура, мұрын бітелуі, жөтел болады. Кейін денеде бөртпелер пайда болады, – деді Зәмзәгүл Досжанова.
Павлодар облысының денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасарының м.а. Айгүл Мұқышеваның айтуынша, қызылшаға көбіне 2-3 жастағы балалар шалдығуда.
Фото: ӨКҚ