HALYQ RADIOSY халықаралық фестивальдің финалистерін таныстыруда
Радио халықаралық фестивальдің күнделігін бастады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
HALYQ RADIOSY 85 жылдығы аясында ұйымдастырылып жатқан «HALYQ DAUYSY» халықаралық музыка фестивалінің Бас жүлдесі – 3 млн теңге.
Радио фестивальдің күнделігін бастап, әр қатысушы туралы мәлімет беруде. 1-шығарылымда 5 қатысушыны таныстырды.
Алғашқы қатысушы Алиана Ахмедина Омбы қаласынан бақ сынауда. Ол 8 жасында «Алмаж» студиясында музыкамен айналыса бастап, 2021 жылы студияны тәмәмдаған. Омбы және басқа да қалаларда байқаулар мен концерттерге қатысқан. Алиана болашақта Қазақстанда тұрып, өнер саласындағы жұмысын жалғастырғысы келеді екен.
15 жастағы Сара Мақсұт Ақсу қаласы Алғабас ауылында тұрады. Әнге деген махаббаты 3 жасынан басталды. 2020 жылдан бастап «Дауыс Star» вокал студиясының қатысушысы болып табылады. Сара көптеген байқауларға қатысып, жүлделерге ие болған. Соның бірі – 2022 жылы Ташкент қаласында өткен халақаралық байқауда «Вокал» номинациясында 1-дәрежелі лауреат атанған. Сондай-ақ Павлодарда өткен байқау-фестивальде Бас жүлдесін жеңіп алған.
Павлодарлық Әлия Нұрбаева 9 жасынан бастап ән айтады. Әлияның 2017 жылы алғашқы авторлық әні шықты. Жазда тағы жаңа әндер жарыққа шығады. Ол «Алтын дауыс» байқауында 2-орын, республикалық әншілер байқауында 2-орынға ие болған. Сонымен қатар, Әлия 2019 жылы «Ұлы дала өнерпаздары керуені» жобасының «Жоба өнерпазы» және «Өнерлі ұстаз» номинациясы, ал, 2022 жылы «Ғашықтар әуені» фестивалінде «Ең үздік дуэт» номинациясы, 2023 жылы композитор Садық Кәрімбаетың 105 жылдығына орай өткен ән байқауында 1-орын иегері атанған.
Павлодар қаласынан қатысып отырған Валерия Шмулько 4 жасынан бастап вокалмен айналысады. Ол кішкентай кезінен Естай атындағы мәдениет сарайындағы «Сәулетай» вокалдық ансамблінде ән айта бастаған. 7 жасында музыкалық мектепке «гитара» сыныбына түсіп, мектепте вокалмен айналысуды жалғастырған.
Дархан Дүйсенбеков Павлодар қаласынан қатысуда. Музыкамен 13 жасынан бастап шұғылданады. Кез келген тақырыпқа әнді оңай жазады. Көбіне лирикалық және жүрекке жақын әндерді жазғанды ұнатады. Дархан қазір кітап, музыкалық альбом мен көп ұзамай жарыққа шығатын өлеңдер жазуда.
Шараның бас серіктесі - «KAZ MINERALS» тобы