Тоқаев: Ана тілімізді басқа тілдерге қарсы қоюға мүлдем болмайды

Тоқаев: Ана тілімізді басқа тілдерге қарсы қоюға мүлдем болмайды
Фото: aqorda.kz

Президент тіл мәселесін пайдаланып, жанжал туғызатындарға ескерту жасады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайында мемлекеттік тілдің қолданысын кеңейту, оны ғылым мен технология тілі ретінде дамыту және қоғамдағы бірлікті сақтау мәселелеріне тоқталды. Президент ана тіліне қатысты жұмыстың мемлекеттік, саяси және ұлттық маңызы бар екенін атап өтті.

Жиында тілдің мәртебесін көтерумен қатар, оны үйренгісі келетін азаматтарға жағдай жасау, қазақ тіліндегі мұраны цифрландыру, емле ережелері мен сөздіктерді жаңарту жөнінде ұсыныстар айтылды. Мемлекет басшысы бұл істерге тіл мамандары ғана емес, жоғары оқу орындары, технология саласының өкілдері мен кәсіпкерлер де атсалысуы керектігін жеткізді.

Тілді текетірес құралына айналдыруға болмайды

Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік тілге қатысты ұстанымын түсіндіре келе, оның дамуын елдегі басқа тілдерге қысым көрсетумен байланыстыруға болмайтынын айтты.

– Қазақ тілін дамыту – еліміздегі өзге тілдердің дамуына кедергі келтіру емес. Басқаша айтқанда, ана тілімізді басқа тілдерге қарсы қоюға мүлдем болмайды. Тілдерді пайдаланып, қоғамдық жанталас, жанжал жасағысы келетін арандатушылар өте қауіпті істермен айналысып жүр. Сондықтан оларды «Заң мен тәртіп» қағидасына сәйкес жауапкершілікке тарту керек, – деді Президент.

Мемлекет басшысы кез келген тілге қарсы шығуды Жаратқанның адамға берген нығметіне қарсы шығумен тең деп бағалады. Ол тіл мәселесіндегі әрекеттердің қоғам тұтастығына ықпалын ескеріп, азаматтарды өзара құрмет пен сыйластықты сақтауға шақырды.

– Біз қазақ тілін ең алдымен бірлік пен ынтымақ тілі ретінде дамытуымыз керек. Ана тіліміз жаһан жұртшылығына тартымды тіл болуы керек. Біртұтас халқымызды бөліп-жаруға мүлдем болмайды. Өз тұтастығын сақтай алмаған халық басқаларға үлгі-өнеге көрсете алмайды, басқа елдердің құрметіне ешқашан ие болмайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осы тұста Президент мемлекеттік тілді жетік меңгерген өзге ұлт өкілдерінің еңбегін атап өтті. Олардың арасында қазақ тілін үйрететін білікті мамандар да, әлеуметтік желілерде оның қолданысын кеңейтіп жүрген азаматтар да бар. Мемлекет басшысы мұндай адамдардың үлесін сыйластықпен әрі ризашылықпен қабылдау қажет екенін айтты.

Соңғы жылдары қазақ тілін үйренуге ниет білдіргендердің қатары көбейіп келеді. Оларға арналған озық әдістемелер мен цифрлық оқу құралдарын әзірлеуге тіл мамандарын және ақпараттық технология саласының өкілдерін жұмылдыру ұсынылды. Президенттің айтуынша, тілді меңгерген әрбір азамат Қазақстанның тарихы мен мәдениетін тереңірек танып-біледі.

Мемлекеттің қуаты тілдің беделін арттырады

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тілінің келешегін елдің экономикалық, ғылыми және технологиялық дамуымен байланыстыра қарау қажеттігін айтты. Мемлекеттік тілге құрмет азаматтық борыш болғанымен, оның қоғамдағы орнын нығайтатын нақты негіз болуы керек.

– Біз экономикасы дамыған, инновациясы мен технологиясы үздік, әлем жұртшылығы мойындаған, өркениетті, мықты мемлекет болсақ, қазақ тілі де қуатты тіл болатыны анық. Мемлекеттің беделі артқан сайын, мемлекеттік тілдің де абыройы күшейеді. Бұл – ақиқат, – деді Мемлекет басшысы.

Президент білім беру мен мәдениет саласындағы бірнеше көрсеткішке тоқталды. Биыл мектеп табалдырығын аттаған оқушылардың 71 пайызы қазақ сыныптарына қабылданған. Колледждер мен университеттерде де қазақ бөлімдерінің саны көбейген.

Былтыр баспадан шыққан алты мыңнан астам кітаптың 70 пайызы қазақ тілінде басылған. Ал биыл Қазақстанда түсірілген 71 фильмнің 63-і ана тілінде жарық көрген. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл деректерді мемлекеттік тілге сұраныстың артып келе жатқанының белгісі деп бағалады.

Ол қазақ мәдениеті мен зияткерлік әлеуетін шетелге танытып жүрген азаматтардың үлесін де атап өтті. Олардың қатарында Димаш Құдайберген, Самал Еслямова, Бибісара Асаубаева, Ерсін Балтағұл және Higgsfield AI стартабының жетекшісі Ерзат Дулатов бар. Президент оларды елдің рухани елшілері деп атады.

Мемлекет басшысы тілдің тағдырына қатысты үнемі күмән келтіріп, түңіле берудің пайдасы жоқ екенін айтты. Оның пікірінше, басталған жұмыстардың нәтижесін ескеріп, қазақ тілінің жаңа салалардағы мүмкіндігін кеңейтуге күш жұмсау қажет.

Қазақ тіліндегі мұра цифрлық кеңістікке көшірілуге тиіс

Құрылтайда мемлекеттік тілдің жасанды интеллект пен цифрлық қызметтердегі қолданысы да сөз болды. Президент OpenAI зерттеуіне сілтеме жасап, қазақ тілінің соңғы үш жылда жасанды интеллект жүйелеріндегі қолданыс аясы қарқынды кеңейген тілдердің қатарына кіргенін айтты.

Сондай-ақ ол Yandex компаниясының бір өнімін қазақ тілінде қолданатындар саны былтырдан бері 30 пайызға артқаны туралы мәлімет келтірді. Google компаниясының қазақ тілін Gemini тілдік моделіне енгізгенін де осы бағыттағы ілгерілеудің мысалы ретінде атады.

Алдағы міндеттердің бірі – қазақ тілінің ұлттық цифрлық деректер қорын жасақтау. Мемлекет басшысы әдеби-мәдени мұраның едәуір бөлігі әлі толық әрі сапалы цифрландырылмағанына назар аударды.

– Сол себепті мұрағатта немесе кітапханаларда ғана сақталған қазақ тіліндегі кітаптарды, мерзімді басылымдарды, аудио-бейне жазбаларды, мұрағат (архив) және мұражай (музей) қорларын цифрлық форматқа көшіру ісін қайта жандандыру қажет, – деді Президент.

Ғылыми және кәсіби білімнің қазақша қолжетімділігіне де басымдық берілмек. Инженерияны, медицинаны, құқықты, экономиканы және ақпараттық технологияларды мемлекеттік тілде оқып-үйренуге жағдай жасау үшін сапалы оқулықтар мен оқу құралдары қажет. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бағытта бұрын жіберілген қателіктер мен олқылықтар бар екенін айтып, жоғары оқу орындарын қазақ тіліндегі ғылыми-зерттеу еңбектеріне ерекше назар аударуға шақырды.

Орфографияны ретке келтіруге мерзім белгіленді

Президент қазақ тіліндегі кейбір сөздер мен ұғымдардың әртүрлі қолданылуы оқырманды шатастырып, тілдегі бірізділікке кедергі келтіретінін айтты. Осыған байланысты емле ережелерін жүйелеп, сөздіктерді жаңарту мәселесін көтерді.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, мемлекеттік деңгейде ресми бекітілген орфографиялық сөздік 1983 жылы шыққан. Кейін бірнеше сөздік жарық көргенімен, олар мемлекеттік деңгейде бекітілмеген.

– Сондықтан біз де қазақ тілі орфографиясының ғылыми негізін зерделеп, жедел түрде ретке келтіруіміз керек. Осы жұмысты келесі жылдың соңына дейін аяқтау қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Президент аударма мен термин жасауда да кәсіби пайым қажет екенін жеткізді. Ол «шәкіртақы», «еңбек өтілі», «жанармай», «ғаламтор», «жасанды сана» сияқты сөздердің қолданысқа орнығуын оң бағалады. Ал «күйсандық», «қылтима», «себезгі», «үнқағаз», «жеделсаты» тәрізді бірқатар баламаның қажеттілігіне күмән келтірді.

Сондай-ақ дінге қатысты көне қазақ сөздерінің орнына араб сөздерін жиі қолдану үрдісіне тоқталды. Бұл мәселелер бойынша кәсіби ғалымдар салмақты пікір айтуға тиіс.

Тіл ғылымына қатысты баршаға қолжетімді цифрлық жүйе әзірлеу үшін тіл мамандары, ғалымдар, сарапшылар және қоғам өкілдерінен арнайы жұмыс тобын құру ұсынылды. Оның қызметін үйлестіру Президент Әкімшілігіне жүктеледі.

Сөздіктермен бірге қазақша өнімнің ауқымы кеңеюі керек

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тілінің халықаралық байланысын нығайту үшін сапалы екітілді және көптілді сөздіктер әзірлеу қажеттігін айтты. Осы орайда «Қазақ тілі» қоғамының Oxford Qazaq Dictionary жобасын жалғастыруды қолдады.

Президент қазақ тілін БҰҰ-ның негізгі ресми тілдерімен байланыстыратын сөздіктер жасауды ұсынды. Атап айтқанда, қазақ-француз, қазақ-испан, қазақ-қытай және қазақ-араб сөздіктері қажет. Бұған қоса, қазақ-неміс, қазақ-итальян, қазақ-жапон, қазақ-корей, қазақ-парсы сөздіктерін әзірлеп, қазақ-орыс сөздігін уақыт талабына сай жаңарту мәселесі қойылды. Олардың электрондық нұсқалары үнемі толықтырылып отыруы керек.

Сонымен бірге Мемлекет басшысы тілдің болашағын тек оқулық пен сөздікке тіреп қоюға болмайтынын ескертті.

– Адам қай тілде ақпарат іздеп, фильм көріп, білім алса, сол тілдің әлеуеті күшейе түсетіні анық. Сондықтан цифрлық кеңістікте қазақ тіліндегі сапалы әрі тартымды өнімдерді көбейту – аса маңызды міндет. Әсіресе, қазақ тілін өздігінен үйренуге мүмкіндік беретін ІТ-өнімдер, балалардың тілін дамытуға арналған фильмдер мен ойындар көп болуы қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ғылым, технология, мәдениет, кәсіпкерлік және спорт тақырыптарындағы қазақша өнімдерді әзірлеуге мемлекет тарапынан нақты қолдау көрсету ұсынылды. Осы жұмысқа «Қазақ тілі» қоғамы да үлес қосуға тиіс.

1989 жылы академиктер Әбдуәли Қайдар мен Өмірзақ Айтбайұлының бастамасымен құрылған ұйымның құрамында үш жылдан бері Qazaq Tili Endowment Qory жұмыс істейді. Президент қордың бастамаларына өзі де қолдау көрсеткенін айтып, кәсіпкерлерді мемлекеттік тілді дамытуға бағытталған жобаларға қаржылай жәрдем беруге шақырды.