Тоқаев Әзербайжан мен Армения елдері арасындағы бітімгерлікке баға берді

Ол екі мемлекет тарапынан қол қойылған келісімді тарихи жетістік деп санайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасай отырып.
Вашингтонда қол қойылған құжат қос мемлекет арасындағы ұзаққа созылған әскери қақтығысты түбегейлі тоқтатып, дипломатиялық қатынас орнатуға және берік бітім негізінде ынтымақтастықты дамытуға жол ашты.
Мемлекет басшысының пікірінше, Әзербайжан мен Арменияның мұндай келісімге қол қоюы – АҚШ Президенті Дональд Трамптың тегеурінді әрі тиімді бітімгерлік миссиясының арқасы. Ол Әзербайжан және Армения басшыларын саяси ерік-жігер танытып, стратегиялық тұрғыдан көреген шешім қабылдауға көндіре алды.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан да екі ел арасындағы осынау маңызды уағдаластыққа қол жеткізуге елеулі үлес қосты деп санайды.
Еліміз бейбіт келісімнің негізгі шарттарына қатысты сыртқы істер министрлерінің деңгейіндегі келіссөз алаңы ретінде Алматы қаласын ұсынды. Министрлер арасындағы келіссөздер Алматыда өтті.