Цифрлы серпіліс: Павлодар облысында машина жасау саласы жаңа дәуірге қадам басты

Цифрлы серпіліс: Павлодар облысында машина жасау саласы жаңа дәуірге қадам басты
Фото: кәсіпорынның баспасөз қызметінен

Автоматтандырылған шешімдер ұста-бандаждық кешені өндірісінің барлық кезеңдерінде енгізілген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Кәсіпорынның баспасөз қызметінің мәліметінше, Екібастұздағы компания – теміржол компоненттерін толық циклде өндіретін еліміздегі ең ірі кластер. Қазақстанда алғаш рет Industry 4.0 қағидаттарына толық сәйкес келетін ұста-бандаждық зауытты іске қосты.

– Кешенде өндірістік цикл толық цифрландырылған: шикізатты бақылаудан бастап дайын өнімді жөнелтуге дейін. Кәсіпорында жоспарлау, бақылау, талдау және ERP-жүйелермен интеграция модульдерін қамтитын өтпелі цифрлық басқару жүйесі енгізілген. Бұл тапсырыстардың мәртебесін, жабдық параметрлерін және өнім сапасын нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді, – деп хабарлады баспасөз қызметі.

Екібастұздағы машина жасау зауыты өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін дамытудағы маңызды кезеңге айналды және отандық машина жасау саласына озық технологияларды енгізудің үлгісі болды.  Ерекше назар сапаны зияткерлік бақылауға және негізгі процестерді роботтандыруға аударылған.

– Кәсіпорында қолмен бақылау әдістерімен қатар автоматты жүйелер де қолданылады: визуалды инспекциялар, ультрадыбыстық дефектоскоптар, орналасу мен температура сенсорлары. Барлық нәтижелер цифрлық форматта тіркеліп, сақталады. Бұл өнім сапасының тұрақтылығын қамтамасыз етіп, ауытқуларға жедел әрекет етуге мүмкіндік береді. Кейбір кезеңдерде сапаны қосымша бағалау үшін қолмен тексеру де жүргізіледі, – деп атап өтті компания өкілдері.

Өндірісте өнеркәсіптік роботтар белсенді қолданылады. «Құлтемірлер» жоғары дәлдік, ауыр бұйымдармен қауіпсіз жұмыс істеу және жоғары температура жағдайында жұмыс істеу талап етілетін барлық маңызды технологиялық операцияларда қолданылады. Олар бұйымдарды ұстау, жылжыту, қыздыру және таңбалау жұмыстарын орындайды, бұл еңбек қауіпсіздігін арттырып, өндірістік цикл уақытын қысқартуға мүмкіндік береді.

Компания автоматтандыру мен цифрлық технологиялар өндірістік тиімділікті едәуір арттырып, маңызды кезеңдерде адами фактордың әсерін азайтқанын атап өтеді.

– Өнім сапасының тұрақтылығын арттыру, өндірістік үзілістерді қысқарту, өнеркәсіптік қауіпсіздікті күшейту және барлық әрекеттерді тіркеу арқылы процестердің ашықтығын қамтамасыз ету мүмкін болды, – деп хабарлады баспасөз қызметі.

Қауіпсіздікті арттыру мақсатында ауыр және қауіпті операциялар автоматтандырылған: жүйе тәуекел аймақтарына кіруді шектейді және қол еңбегінің қажеттілігін азайтады. Өндірістің тиімділігі үш негізгі бағыт бойынша бақыланады: өнім сапасы, тапсырыстардың мәртебесі және жабдықтың жұмысы. Бұл көрсеткіштер нақты уақыт режимінде талданады, бұл басқарушылық шешімдерді дер кезінде қабылдауға мүмкіндік береді.

Кәсіпорынның өндірістік қуаты 160 мыңнан астам өнім бірлігін құрайды. Жоғары технологиялы өнімдердің қатарында локомотивтерге арналған 88 мың шикі бандаж, 25 мың ірі тісті дөңгелек дайындамасы, 36 мың локомотив және вагон осінің дайындамасы, 9400 дөңгелек орталығы және 2000 деформация құралдарының соғу дайындамасы  бар.