Павлодарда салынып жатқан көпір қайта тұтанды

Павлодарда салынып жатқан көпір қайта тұтанды
Фото: куәгерлерден

Аталған факті бойынша ішкі қызметтік тексеріс жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының Павлодар облыстық филиалы 2026 жылғы 1 ақпан күні сағат 10:30 шамасында Павлодар қаласында Ертіс өзені арқылы салынып жатқан көпір құрылысында түтіндену (тұтану) фактісі тіркелгенін хабарлады. Оқиға «Қызылорда – Павлодар – Успенка – РФ шекарасы» республикалық автожолының 1381 шақырымындағы №5 тірек маңында болған.

– Алдын ала мәлімет бойынша, аралық құрылыстың жылу сақтау жабындысының тенті түтіндеген. Аталған учаскеде қазіргі уақытта құрылыс жұмыстары жүргізілмейді, – деді филиалда. – Бұған дейін, 2026 жылғы 31 қаңтарда №4 тіректе орын алған ұқсас жағдайдан кейін жұмыстар уақытша тоқтатылған болатын.

Зардап шеккендер жоқ. Оқиға орнына Павлодар облысының Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері жұмылдырылып, өртті оқшаулау және толық жою шаралары қабылданды.

Еске сала кетейік, 31 қаңтарда орын алған өртте құтқарушылар келген кезде жылу оқшаулағыш материалдар мен ағаш конструкцияларының жанғаны анықталды. Өрттің ошағы жер деңгейінен шамамен 30 метр биіктікте орналасқан. Күрделі жағдайға қарамастан, өрт сөндірушілердің жедел әрі үйлесімді әрекеттерінің арқасында тілсіз жау қысқа уақыт ішінде толықтай сөндірілген болатын.