Екібастұзда Беларусь кәсіпорнымен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды

Тараптар теміржол кластері үшін жұмыр сым, дөңгелек илем және осьтік дайындамаларды жеткізуге уағдаласты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Railways Systems KZ теміржол кластері мен Беларусь Республикасындағы «Беларусь металлургия зауыты – Беларусь металлургия компаниясы» холдингінің басқарушы компаниясы арасында ынтымақтастық туралы келісім жасалды. Серіктестік аясында металл өнімдерін жеткізу және өндірістік-технологиялық өзара әрекеттестікті кеңейту жоспарланған.
– Тараптар Railways Systems KZ кластерінің өндірістік алаңдарына жұмыр сым, дөңгелек илем және өңделмеген осьтерді жеткізуге келісті. Жеткізу көлемі — 10 мың тоннаға дейін, нақты сұраныс пен нарық жағдайына байланысты түзетілетін болады. Алғашқы жеткізілімдер 2025 жылдың екінші жартыжылдығында басталады, – деді компанияның баспасөз қызметі.
Railways Systems KZ бас директорының бірінші орынбасары Сергей Твердов жаңа кезеңдегі ынтымақтастықты нәтижелі деп бағалады. Оның айтуынша, БМЗ зауытымен жұмыс екі бағытта жүзеге асырылады: бірі – серіппелі қысқыштар өндірісіне қажет шыбықша жеткізу, екіншісі – өңделмеген осьтік дайындамаларды жеткізу. Бұл дайындамалар Railways Systems KZ зауытында механикалық өңдеуден өтіп, дайын ось түрінде шығарылады. Бұл – екі тарап үшін де ұзақмерзімді, өзара тиімді кооперация.
– Ал компанияның бас директоры Роман Павлингер өз сөзінде Қазақстан – Ресей – Беларусь бағыты бойынша жүк тасымалын стратегиялық дамыту жобасы қолға алынғанын атап өтті. Контейнерлік жүктерді кластер әзірлеген инновациялық тележкалармен тасымалдау және жылжымалы құрамды жөндеу бойынша сервистік өзара іс-қимылды кеңейту жоспарлануда, – делінген хабарламада.
Сонымен қатар, серіктестік аясында бірлескен жұмыстың жаңа бағыттарын кеңейту мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Атап айтқанда, Екібастұзда салынуы жоспарланған электрометаллургия зауытына қажетті мойынтіректер мен басқа да өнімдерге қатысты техникалық және бағалық параметрлер пысықталуда.
Railways Systems KZ өңірлік серіктестермен бірге тұрақты өндірістік тізбек қалыптастырып келеді. Бұл өндірістік шығындарды азайтуға, үздік салалық тәжірибелерді енгізуге және ЕАЭО аясындағы көлік-логистика әлеуетін дамытуға бағытталған.
Айта кетейік, Railways Systems KZ — Қазақстандағы толық циклді теміржол машина жасау кластері. Өндірістік алаңдары Екібастұз және Петропавл қалаларында орналасқан. Кластер заманауи кәсіпорындарды біріктіріп, жылжымалы құрам мен жол үсті құрылым элементтерін өндіруге маманданған.