Павлодарлық басқарма спорт түрлерінің дамуын бағалау үшін KPI әзірлеумен айналысады

Павлодарлық басқарма спорт түрлерінің дамуын бағалау үшін KPI әзірлеумен айналысады
Фото: Валерий Бугаев

Өңірде қысқы спорт түрлері белсенді дамып келеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Облыстағы 13 балалар мен жасөспірімдер спорт мектептеріндегі 6 қысқы спорт түрімен 1 160 астам бала айналысады. 

Қазақстанның қысқы спорт түрлері бойынша ұлттық құрамасының сапында Павлодар облысынан 58 спортшы бар. 2025 жылы павлодарлық спортшылар Харбин қаласында өткен IX қысқы Азия ойындарында сәтті өнер көрсетіп, өңір тарихында алғаш рет фристайл-акробатика бойынша алтын медаль жеңіп алды.

– Спортшыларды дайындаудың негізгі факторларының бірі - заманауи спорт инфрақұрылымын дамыту. 2025 жылы Ақсу қаласында мұз аренасы және Шарбақты ауданында хоккей корты пайдалануға берілді. Павлодар қаласында «Зеленая роща» шаңғы базасының шаңғы-роллер трассасы мен әкімшілік ғимараты жөнделді, – деді Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметінде.

Өңірде 197 мұз айдыны, 43 жаппай сырғанауға арналған сырғанақ, 14 шаңғы мен коньки жалға беру пункті, 62 хоккей корты жұмыс істейді. 2 000-нан астам спортшының қатысуымен облыстық және республикалық жарыстар өткізілді, балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінің спорттық жабдықтары жаңартылды.

2026–2027 жылдары Павлодар қаласында жаңа мұз сарайын және Екібастұз қаласында мұз аренасы бар спорт кешенін салу жоспарлануда.

6-22 ақпан аралығында Италияның Милан және Кортина д’Ампеццо қалаларында XXV қысқы Олимпиада ойындары өтеді.

Қазіргі уақытта конькимен жүгіру спортынан Арина Ильященко, шаңғы жарысынан Дарья Ряжко және фристайл-акробатикадан Роман Иванов 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындарына лицензия жеңіп алды.

Өңір басшысы қала және аудан әкімдеріне халықты, балалар мен жастарды бұқаралық спортқа тарту жұмыстарын жандандыруды, қысқы спорттық құрал-жабдықтарды жалға беру пункттерін дамытуды және жаппай спорттық іс-шаралар өткізуді тапсырды. Дене шынықтыру және спорт басқармасына өңірлерде қолжетімді спорт түрлерінің дамуын бағалау үшін KPI әзірлеу жүктелді.