Павлодарлықтар «Күміс жас» жобасы арқылы лайықты жұмыс таба алады
Мемлекет 50 жастан асқан азаматтарды жұмысқа алған кәсіпкерлердің шығынын өтеп, аға буынның еңбек нарығындағы белсенділігін қолдамақ, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қалалық мансап орталығы баспасөз қызметінің мәліметінше, «Күміс жас» – бұл 50 жастан асқан жұмыссыз азаматтардың экономикалық белсенділігін арттыруға бағытталған мемлекеттік бастама. Жобаға қатысу үшін үміткердің жасы 50-ден зейнеткерлік жасқа дейінгі аралықта болуы және Мансап орталығында ресми түрде жұмыссыз ретінде тіркелуі шарт.
– Жобаның басты ерекшелігі – мемлекет жұмыс берушіге қызметкердің жалақысын төлеуге көмектеседі. Субсидиялау мерзімі 36 айға дейін созылады. Атап айтқанда, жұмыстың алғашқы жылында жалақының 70 пайызы, екінші жылында 65 пайызы, ал үшінші жылында 60 пайызы мемлекет тарапынан өтеледі. Бұл ретте ай сайынғы субсидия мөлшері 30 айлық есептік көрсеткіштен аспауы тиіс, – делінген хабарламада.
Осылайша, мемлекеттік қолдау кәсіпкерлер үшін кадрлық шығындарды азайтуға, ал аға буын өкілдері үшін тұрақты табыс көзін табуға жол ашады. Жоба туралы толық ақпарат алу үшін Бектұров көшесі, 115Б мекенжайында орналасқан мансап орталығына жүгінуге болады.