Цифрлық мәслихат: Павлодар облысында депутаттық корпус пилоттық жобаны іске қосады
Бұл ретте халық таңдаушыларына студенттер көмектеседі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облыстық мәслихатының төрағасы Илья Теренченконың мәлімдеуінше, биыл цифрлық технологияларды пайдалана отырып, пилоттық жобаларды іске асыру жоспарлануда.
– Қалалық мәслихат базасында «Депутаттар үшін цифрлық көмекші» пилоттық жобасы енгізілетін болады. Цифрландыру және жасанды интеллект жылы ақпараттық технологиялар колледжімен бірлесіп «Цифрлық мәслихат» жобасын іске қосу, сондай-ақ ұлттық ақпараттық платформаларға интеграциялана отырып, «Е – мәслихат» жүйесін дамыту жоспарлануда, – деп атап өтті Илья Теренченко.
Облыстық мәслихаттың төрағасы депутаттық корпус Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев белгілеген ашықтық, ашық диалог және пәрменді кері байланыс қағидаты бойынша қоғаммен жұмысты жалғастыратынын атап өтті.
Цифрландыруға және депутаттар жұмысының қолжетімділігіне ерекше назар аударылады. Халық қалаулылары үшін дербес карталарды енгізу халықпен өзара іс-қимылды жеңілдетуге мүмкіндік береді. Павлодардың 25 депутаты цифрлық алаңдар арқылы белсенді жұмыс істейді, бұл мәселелерді шешуді жеделдетеді және тиімділікті арттырады. Өткен жылы депутаттар мәслихаттың он сессиясын өткізіп, 64 мәселені қарап, 22 нормативтік-құқықтық актіні қабылдады. Жеті тұрақты комиссия 46 отырыс ұйымдастырды.
– Тиімді нәтиже өңір тұрғындарының мәселесін шешу және 50-ден астам негізгі депутаттық бастамаларды іске асыру болды. Өткен жылы оларды қолдауға 5,5 миллиард теңге бөлінді, ал жыл соңына қарай облыс әкімі Асайын Байхановтың көмегімен 18 миллиард теңгеден астам сомаға 66 жоба мақұлданды, – деді Илья Теренченко.
Айта кетелік, былтыр депутаттар түрлі алаңдарда 200-ден астам азаматты қабылдаған. eGov арқылы парламенттік реформа бойынша жұмыс топтарының жеті ұсынысы жіберілді.