«Атамекен» Павлодарда жаңа салық реформасын түсіндірді
Іс-шараға 500-ден астам кәсіпкер қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысының кәсіпкерлер палатасы Мемлекеттік кірістер департаментімен бірлесіп, Торайғыров университетінде Қазақстанның жаңа Салық кодексін түсіндіру мақсатында бизнеске арналған семинар ұйымдастырды. Семинардың модераторы – өңірлік палата директорының міндетін атқарушы Жомарт Сембаев болды.
Іс-шараға ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жәнібек Нұржанов, МКК өкілдері, облыстық мемлекеттік органдар мен өңірлік бизнестің басшылары қатысты.
Кәсіпкерлерге құжаттағы негізгі жаңалықтар мен өзгерістер түсіндірілді. Атап айтқанда: сот істеріндегі талап қою мерзімдерінің өзгеруі, электронды шот-фактуралар бойынша үзінділерді тоқтата тұру жағдайлары, тәуекелдерді басқару жүйесі, бизнес субъектілерін тіркеу есебі, сондай-ақ салықтық әкімшілендіру мәселелері қаралды.
– Қазақстанның жаңартылған Салық кодексі 2026 жылдың қаңтарынан бастап есептілік нысандарының 30%-ға қысқаруын қарастырады, – деп атап өтті Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары.
Мысалы, жер салығы бойынша ағымдағы төлемдер есебін және мүлік салығы бойынша ағымдағы төлемдер есебін (салық сомасы бір миллион теңгеден кем болмаған жағдайда) жою, арнайы салық режиміне арналған декларация мен қосылған құн салығы бойынша декларацияны алдын ала толтыру енгізіледі.
Сондай-ақ, белгіленген мерзімде салық есептілігін тапсырмау нөлдік көрсеткіштермен тапсырылған есептілікпен теңестіріледі; салық есептілігін тапсырмағаны үшін әкімшілік жауапкершілік алынып тасталады. Оңайлатылған декларация (ШОБ үшін) бойынша ФНО ұсыну мерзімі ұзартылып, салық есептілігін қайтарып алу тәжірибесі жойылады – барлық өзгерістер қосымша декларация арқылы енгізіледі.
– Кездесу барысында ҚҚС қайтару механизмі, салық төлеушілерге берілетін бөліп төлеу мен кейінге қалдыру ережелері, камералдық бақылау талқыланды. Енді бұл бақылау бұзушылықтарды анықтауға емес, сәйкессіздіктерді іздеуге бағытталмақ. Оның мақсаты – салық төлеушілерге салық міндеттемелерін өз бетінше түзету мүмкіндігін беру. Сонымен қатар, салықтық тексерулер, салық берешегін мәжбүрлеп өндіру және басқа да маңызды тақырыптар қозғалды, – деді облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі.
Іс-шараға 500-ден астам бизнес өкілі қатысып, салық саласына қатысты 60-тан астам сұрақ қойылды. Олардың арасында Қазақстан құрылысшылар одағы Павлодар облыстық филиалының директоры, Павлодар облысы кәсіпкерлер палатасының өнеркәсіп, құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салалық кеңесінің төрағасы, аймақтық кеңес мүшесі Думан Токашев те болды.
Ол жаңа кодексті түсіндірудің уақтылы әрі маңызды екенін атап өтіп, бұл кезең кәсіпорындарға бизнес-процестерін қайта қарап, серіктестермен, жеткізушілермен және ұзақмерзімді әріптестермен жұмысты жаңаша құруға, сондай-ақ алдағы үш-бес жылға тиімді бизнес-модель таңдауға мүмкіндік беретінін айтты.
Еске сала кетейік, Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасының орынбасары Жәнібек Нұржанов Павлодарда салық кодексінің басты өзгерістерін таныстырып, кәсіпкерлерге жаңа ережелер мен жеңілдіктер туралы ақпарат берді. Жаңа кодекс 2026 жылдан бастап салық есептілігін жеңілдетіп, салық мөлшерлемелерін өзгертеді, сондай-ақ өзін-өзі жұмыспен қамтушыларға арнайы жеңілдетілген режим енгізеді. Семинарда қатысушылар сұрақтарын қойып, салықтық өзгерістер жайлы толық мәлімет алды.