Уақыт белдеуін өзгерту қазақстандықтардың денсаулығына қалай әсер етті?
Мәжілістегі «AMANAT» фракциясының депутаттары уақыт белдеуінің өзгеруінің халыққа әсері туралы Үкімет есебін тыңдады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл зерттеу «AMANAT» фракциясының ұсынымын іске асыру шеңберінде алты бағыт бойынша жүргізілген. Оған беделді ғалымдар, сарапшылар мен ғылыми институттар тартылды. Сонымен қатар, географиялық параметрлері ұқсас мемлекеттердің тәжірибесі талданды.
Премьер-Министрдің орынбасары Ермек Көшербаев зерттеу қорытындылары Қазақстандағы уақыт белдеуін өзгерту туралы шешімнің негізділігін растағанын атап өтті.
– Салыстырмалы талдау жұмысы Еуропадағы көптеген дамыған елдерде Қазақстанға ұқсас таң ату және күн бату мерзімі бар екенін көрсетті. Аталған мемлекеттер осындай жағдайда белсенді дамып келеді. Адами капиталды дамыту бойынша да жоғары көрсеткіштерге ие. Осыған байланысты Үкімет бірыңғай уақыт белдеуін енгізу туралы шешімді қолдай отырып, оны толық негізделген деп санайды, – деді вице-премьер.
Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев уақыт белдеуін өзгерту денсаулық сақтау саласына оң әсерін тигізгенін мәлімдеді. Оның айтуынша, жедел жәрдем шақырту саны 0,4%-ға, жүрек-қан тамырлары ауруларымен сырқаттану көрсеткіші 3,5%-ға, психикалық және мінез-құлық бұзылысы 1,6%-ға, жарақаттану көрсеткіші 3,3%-ға, қатерлі ісіктер көрсеткіші 1,7%-ға төмендеген.
Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің айтуынша, алдын ала зерттеу нәтижелері уақыт белдеуінің өзгеруі халық өмірінің негізгі көрсеткіштері мен экономиканың негізгі салаларына теріс әсерін анықтамаған.
Бүгінде Шығыс Қазақстан облысының жеті ауданында жұмыс кестесіне түзету енгізілген. Бұл бастама жергілікті тұрғындар тарапынан кең қолдау тапқан.
Мәжіліс Спикері Ерлан Қошанов зерттеу қорытындысы уақыт белдеуін өзгерту туралы шешімнің ғылыми негізділігін көрсеткенін айтты.
— Мемлекет басшысы «Ана тілі» газетіне берген сұхбатында Үкімет уақыт белдеуін ауыстырудың азаматтардың тұрмысына және ел экономикасына әсерін жан-жақты зерттеуі тиіс екенін атап өтті. Бүгін Үкімет «AMANAT» фракциясының депутаттарына осы ғылыми зерттеудің қорытындысын таныстырды, — деді ол.
Талқылау қорытындысы бойынша депутаттар Үкіметтің ғылыми-зерттеу нәтижесін қабылдап, бұл ақпаратты халыққа кеңінен тарату қажет екенін атап өтті. Сонымен қатар, Үкіметке жергілікті билік органдарымен, мәслихаттармен бірлесіп, уақыт белдеуінің өзгеруі туралы түсіндіру жұмыстарын жалғастыруды ұсынды. БАҚ пен әлеуметтік желілерде тиісті ақпараттық жұмыстар ұйымдастыру қажеттігі де айтылды.
Сонымен қатар, халық сұранысы мен шетелдік тәжірибені ескере отырып, жергілікті жерлерде жұмыс кестесін өзгерту тәжірибесін жалғастыру ұсынылды.