Зерттеу: Қазақстан жастары өз тегін мақтан тұтады және отбасын жоғары бағалайды

Зерттеу: Қазақстан жастары өз тегін мақтан тұтады және отбасын жоғары бағалайды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

«British Council» ұйымы «Қазақстанның болашақ ұрпағы» атты зерттеу нәтижелерін жариялады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Зерттеу жаһандық Next Generation платформасы аясында жүргізілді. Оның мақсаты – жастардың көзқарасын, армандары мен қоғамдағы рөлін анықтау. Жоба LSE Consulting, Орталық Азия барометрі және консультативтік кеңеспен бірлесіп жүзеге асырылды. Барлығы 18-35 жас аралығындағы 1270 жас қазақстандық қатысты.

Зерттеу нәтижесіне сәйкес, жастардың көпшілігі әлеуметтік жағдайына қарамастан, өз тегін мақтан тұтады және отбасын басты өмірлік құндылық ретінде көреді. Отбасы жастар үшін ең үлкен әсер етуші фактор болса, екінші орында – достар мен құрдастар тұр.

Сонымен қатар, сауалнамаға қатысқан жастардың 80 пайыздан астамы елдің даму бағытына және өз болашағына сенімді екенін білдірген. Ерлердің 86 пайызы және әйелдердің 83 пайызы өмір сапасына оң көзқарас танытса, тиісінше 87 пайызы және 82 пайызы мансаптық келешегіне оптимистік тұрғыда қарайды.

Зерттеу авторларының пайымдауынша, қазіргі буын қиындықтарды мүмкіндіктер ретінде қабылдай білетін, бейімделгіш және табанды қасиеттерге ие. Жастар дәстүр мен жаңашылдық арасындағы тепе-теңдікті сақтай отырып, кәсіби және тұлғалық дамуға көбірек мән беруде.

Сондай-ақ, жастардың 57 пайызы білім беру сапасы жақсарып келе жатқанын атап өткен. Олардың 70 пайыздан астамы білімді қоғамды жақсартудың басты тетігі деп санайды. Шетел тілдерін меңгеру де маңызды деп есептеледі – жастардың 80 пайызы оны жұмысқа орналасу мен өзін-өзі дамыту үшін қажет деп біледі.

Айта кетейік, зерттеу нәтижесінде қазақстандық жастардың өз елін прогрессивті, дамушы мемлекет ретінде көретіні және елдің халықаралық беделін мақтан ететіні анықталды.