Ақсулық студенттер жеті түрлі тілде сөйледі (ФОТО)
Жаяу Мұса атындағы жоғары көпсалалы колледжінде «Қазақстан – ортақ шаңырағым» фестивалі өтті, деп хабарлайды @Рavlodarnews.kz.
Оқу орны баспасөз қызметінің мәліметінше, Тілдер күніне арналған шараға 200-ден астам адам қатысты. Олардың ішінде болашақ энергетиктер, электрмен дәнекерлеушілер, аспаздар, мәдениет қызметкерлері, тәрбиешілер, басқа да мамандықтардың өкілдері және олардың оқытушылары, тәлімгерлері, қаланың әртүрлі этномәдени орталықтары бар.
Колледж басшысының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Айжан Мусатова-Алботтың айтуынша, бірінші және екінші курс студенттері берілген тапсырма бойынша Қазақстанда тұратын этностардың бірін таңдап, сол халықтың ең қызықты әдет-ғұрпын таныстыру қажет болды.
– Фестивальде балалар қазақ, украин, татар, өзбек, орыс, неміс және шешен халықтарының дәстүрлерін көрсетті. Студенттер тек зерттеп қана қоймай, әртүрлі этностар өкілдерінің өмірі туралы баяндайтын көріністерге өздері қатысты. Сондай-ақ бұл халықтардың әндері шырқалды. Мұндай шаралардың маңызы зор. Себебі, жастар осындай шаралар арқылы толеранттылықты, түрлі халықтың мәдениетін, салт-дәстүрлерін құрметтеуді, достық пен бейбітшілікті үйренеді, – деді Айжан Мусатова-Албот.
Шараға жиналған қонақтар қазақтың ежелгі «Сырға салу» әдет-ғұрпын және украин халқының үйлену рәсімін тамашалап, өзбек палауынан дәм татты, лезгинка биін биледі.
Мерекенің құрметті қонақтары ретінде қаланың этномәдени орталықтарының аға буын өкілдері: «Қазақ тілі» қоғамы, «Чичмэ» татар-башқұрт бірлестігі, «Крыницы» украин этномәдени орталығы шақырылды.
Айта кетейік, Қазақстанда 124 ұлт өкілдері тұрады.