Павлодарда 100 үздік оқушы «Жас ұлан» қатарына қабылданды

Павлодарда 100 үздік оқушы «Жас ұлан» қатарына қабылданды
Фотосуреттерді М.М. Катаев атындағы Оқушылар сарайының баспасөз қызметі ұсынды

Іс-шара Республика күніне орайластырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

21 қазан күні М.М. Катаев атындағы Оқушылар сарайында «Жас қыран» және «Жас ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымдарының қатарына қабылдау салтанатты облыстық рәсімі өтті. Бұл күні өңірдің ең белсенді және үлгілі 100 оқушысы ұйымның жаңа мүшесі атанды.

Салтанатты рәсімге облыстың білім беру ұйымдарынан бастамашыл, жауапты және дарынды оқушылар, олардың ұстаздары мен ата-аналары арнайы шақырылды. Іс-шараның негізгі мақсаты – өскелең ұрпақтың бойында азаматтық ұстанымды қалыптастыру, патриоттық сезім мен қоғам өміріне белсенді қатысуға тәрбиелеу.

– Бұл күн әр бала үшін ерекше, өмір бойы есте қалатын сәт. «Жас Ұлан» қатарына қабылдану – мектеп, қоғам және ел өміріне саналы түрде араласудың алғашқы қадамы. Салтанатты түрде ант қабылдай отырып, жас ұландар өз құрдастарына үлгі болуға, мейірімділік, достық және Отанға деген сүйіспеншілікті дәріптеуге уәде береді, – деді Оқушылар сарайының бұқаралық бөлімінің меңгерушісі Самал Сүлейменова.

Бұл күні Отанға адалдық антын қабылдағандардың арасында Павлодар қаласындағы №7 орта мектептің 2 «А» сынып оқушысы Ибрахим Айтмұханбетов те бар. Ол да «Жас Ұлан» ұйымының белсенді мүшесі атанды.

Құрметті қонақтар жас буынның патриоттық рухы мен мақсаткерлігін жоғары бағалап, балаларға табыс пен жарқын болашақ тіледі.

«Жас қыран» және «Жас ұлан» ұйымдары бүгінде дарынды, бастамашыл және отаншыл оқушыларды біріктіріп, олардың көшбасшылық қабілеттерін, жауапкершілігін және Отанға деген сүйіспеншілігін дамытуға ықпал етіп келеді.

Айта кетейік, бүгінгі таңда облыс оқушыларының жалпы санының 80 пайызы, яғни 70 мыңнан астам бала, «Жас қыран» және «Жас ұлан» балалар мен жасөспірімдер ұйымдарының белсенді мүшесі болып табылады.

Салтанатты рәсім балалар өміріндегі жарқын оқиғаға айналып, мейірімділік, әділдік, бірлік және Отанға деген шексіз сүйіспеншіліктің символына айналды.