Жасанды интеллект Павлодар облысының еңбек нарығын қалай өзгертеді

Жасанды интеллект Павлодар облысының еңбек нарығын қалай өзгертеді
Фото: Pexels.com/Pachon in Motion

ЖИ еңбек нарығын өзгертеді, бірақ қызметкерлердің құқықтарын жоймайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Жасанды интеллект еңбек үдерісін біртіндеп өзгертіп жатыр. Алайда жаңа технологияларды енгізу қызметкерлердің еңбек құқықтары мен еңбек қауіпсіздігі талаптарын сақтау міндетін жоймайды. Бұл туралы Павлодар облысының еңбек басқармасының басшысы Асқар Қапанов айтты.

Оның сөзінше, бүгінде ЖИ ақпарат іздеу, типтік құжаттарды дайындау, көп көлемдегі өтінімдерді өңдеу сияқты қайталанатын жұмыстарды автоматтандыруға мүмкіндік береді. Дегенмен алынған нәтижені тексеру және соңғы шешімді қабылдау адамға жүктеледі.

- Жасанды интеллект ертең адамдарды жұмыссыз қалдырады деп айтпас едім. Әзірге біз басқа үдерісті көріп отырмыз: жұмыстың өзі өзгеріп келеді. Бұрын қызметкер бірнеше сағат жұмсаған жұмысты қазір жылдамырақ орындауға болады. Бірақ нәтижені тексеріп, шешім қабылдауы тиіс адам, – деді Асқар Қапанов.

Технологиялардың дамуына байланысты мамандарға қойылатын талаптар да өзгеріп келеді. Қазір цифрлық құралдарды пайдалана білу ғана емес, оларды өз кәсібінде тиімді қолдану және нәтижесін тексеру маңызды. Цифрлық сервистер жұмыс іздеушілерге де көмектеседі.

Павлодар облысында «Цифрлық жұмыспен қамту қызметі» пилоттық жобасы іске қосылды. Асқар Қапановтың айтуынша, шілде айында облыс тұрғындарына жұмыс пен оқуға қатысты 39 мың хабарлама жіберілген. Осы кезеңде 962 адам жұмысқа орналасқан.

Автоматтандыру ең алдымен бірсарынды және қайталанатын операциялар көп кездесетін жұмыстарға әсер етеді. Алайда көп жағдайда мамандықтың толық жойылуы емес, қызметкердің атқаратын міндеттерінің өзгеруі байқалады. Сондықтан еңбек нарығындағы өзгерістерге бейімделу үшін жаңа дағдыларды уақытында меңгеру маңызды.

Еңбек басқармасының басшысы еңбек қауіпсіздігі мәселесіне де тоқталды. Жасанды интеллект ықтимал қауіпті жағдайларды ертерек анықтауға көмектесуі мүмкін. Дегенмен қызметкерлер үшін қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету жауапкершілігі жұмыс берушіде қалады.

- Жаңа технологияны енгізу еңбек заңнамасының талаптарын жоймайды. Егер жұмыс беруші еңбек жағдайларын өзгертсе немесе штат санын қысқартса, белгіленген тәртіп пен қызметкерлердің құқықтарын сақтауы тиіс. Адамдарға қандай өзгеріс болатынын алдын ала түсіндіріп, жаңа міндеттерді меңгеруіне көмектескен дұрыс, – деп атап өтті Асқар Қапанов.

Жұмыссыздық мәселесіне қатысты ол бұл көрсеткішті тікелей жасанды интеллектінің дамуымен байланыстыруға болмайтынын айтты. 2026 жылдың II тоқсанында Павлодар облысындағы жұмыссыздық деңгейі 4,8%, Қазақстан бойынша 4,5% болды. Бұл көрсеткіштерге көптеген фактор әсер етеді.

- Жұмыссыздық көрсеткішін алып, оның белгілі бір бөлігі жасанды интеллектінің әсерінен пайда болды деп айтуға болмайды. Бұл көрсеткішке көптеген фактор әсер етеді. Сондықтан қазір басты мәселе – адамдарды өзгерістерге қаншалықты тез дайындап, осы үдеріс барысында олардың құқықтарын қорғай алатынымыз, – деді Асқар Қапанов.

Еңбек күні мерекесіне орай еңбек департаментінің басшысы облыс тұрғындарына құттықтау хатын жолдады. Ол азаматтарға тұрақтылық, кәсіби өсу және жаңа жетістіктер тілеп, департаменттің басты басымдықтары жұмысшылардың құқықтарын қорғау және қауіпсіз жұмыс орындарын құру болып қала беретінін атап өтті.