Жайлауға келіңіз! Павлодарда алты ауданнан жәрмеңкеге өнім әкелінеді
18 наурызда Торговая көшесі, 2а құрылымында (Космонавтар және Торговая көшелерінің қиылысы) кеңейтілген ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, Наурыз мейрамы көктем мерекесі қарсаңында жәрмеңкеге Аққулы, Железин, Тереңкөл, Павлодар, Успен, Шарбақты және Павлодар қаласына қарасты ауылдық аймақтардың тауар өндірушілері қатысады.
Ұсынылатын өнімдердің ассортиментінде еттің барлық түрі, шикі сүт, жұмыртқа, картоп, сәбіз, көкөністер, сүт өнімдері, өсімдік майы, бал, қызанақ, қияр және басқа да өнімдер нарықтық бағадан 10-15% төмен әлеуметтік бағамен сатылады.
– Тауық жұмыртқасын жергілікті құс фабрикалары «Павлодар-Құс» ЖШС, «Шарбақты-Құс» ЖШС 36 мың данадан қамтамасыз етеді, – деп жазылған хабарламада.
Естеріңізге сала кетейік, ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтетін күндері сағат 7:00-ден 13:00-ге дейін фермерлер базарына дейін № 1, 6, 7, 18 трамвайлармен барып қайту тегін жүзеге асырылады.
Ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасы:
жылқы еті – 2300-2500 теңге/кг, (қазы - 2500 теңге/кг, жая - 2500 теңге/кг, төс еті - 2300 теңге/кг, антрекот - 2300 теңге/кг);
сиыр еті – 1900-2100 теңге/кг, (жұмсақ еті - 2100 теңге/кг, антрекот - 1900 теңге/кг, қабырға - 1700 теңге/кг, төс еті -1900 теңге/кг);
қой еті - 1900-2100 теңге/кг, (алдыңғы бөлігі -1900 теңге/кг, артқы бөлігі - 2100 теңге/кг);
шикі сүт – литріне 190 теңге;
бірінші санаттағы жұмыртқаның ондығы - 410-450 теңге;
бал - 2000 теңге/кг;
тазартылмаған күнбағыс майы - 700-780 теңге/л;
жоғары сұрыпты ұн - 200 теңге/кг;
картоп, сәбіз - 95 теңге/кг;
қырыққабат - 120 теңге/кг.
Ауылшаруашылық жәрмеңкесінің жұмыс уақыты сағат 8:00-ден 13:00-ге дейін.