Павлодар облысының шаруалары рекордтық көлемде картоп жинады
Ал күнбағыстың бір бөлігін жинау кейінге қалдырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, Павлодар облысында дәнді дақылдарды жинау жұмыстары аяқталуға жақын. Биыл дәнді дақылдар егілген алқаптың көлемі 789,4 мың гектарды құрады. Әр гектардан орта есеппен 9,1 центнерден өнім алынып, бункерлік салмақпен шамамен 717 мың тонна астық жиналды.
Бұл көрсеткіш былтырғыдан төмен. Өткен жылы гектарына 12 центнерден астам өнім алынған. Биылғы нәтижеге аптап ыстық әсер еткен. Дегенмен жиналған астықтың сапасы жоғары бағаланып отыр: өнімнің 60 пайызы үшінші сыныпқа жатады.
Картоп өсірушілер биыл да рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Соңғы мәлімет бойынша, облыста бір миллион тоннадан астам картоп жиналған. Егін жинау науқаны қызған кезде өнім егістіктен тікелей килограмы 90–100 теңгеден сатылды.
Майлы дақылдарды жинау жалғасып жатыр. Жауын-шашын салдарынан күнбағыстың бір бөлігін жинау кейінге қалды. Ауа райы жақсарған соң қалған өнім жиналады деп күтілуде. Майлы дақылдардың орташа өнімділігі гектарына шамамен 10 центнерді құраса, тұқымның майлылығы 40–44 пайызға жетеді.
Сонымен қатар, шаруалар алқаптарды келесі маусымға дайындап жатыр. Облыста 189,9 мың гектардан астам жер сүрі жер ретінде өңделген. Кейбір шаруашылықтарда бұл жұмыс үш рет жүргізілген. Бұдан бөлек, 212,3 мың гектар жер жыртылған. Енді шаруалар тұқым қорын дайындап, келесі егіс науқанына қажетті несие көлемін анықтауы керек.
Павлодар облысында мал шаруашылығы нысандарын қыстаққа дайындау жұмыстары аяқталып келеді. Жемшөп әзірлеу жоспары орындалып, бірқатар көрсеткіш бойынша артығымен қамтамасыз етілген.
Алдағы қысқа өңір шаруашылықтары 1 млн 320,6 мың тонна шөп, 112,7 мың тонна пішендеме, 242,1 мың тонна сүрлем және 297,4 мың тонна сабан дайындаған.
Пішендеме қоры облыс бойынша рекордтық деңгейге жетті. Жиналған жемшөп мал шаруашылығының қажеттілігін өтеуге және қолайсыз ауа райынан туындайтын тәуекелдерді азайтуға мүмкіндік береді. Бұған қоса, өткен қыстан қалған жемшөп қоры да пайдаланылуы мүмкін.
Қазақстан бойынша әкімдіктердің жедел деректеріне сәйкес, барлық түрдегі 41 миллион тоннадан астам жемшөп дайындалған. Бұл жоспардың 103,6 пайызына тең. Оның ішінде 26,7 миллион тонна шөп, 2,4 миллион тонна пішендеме, 2,8 миллион тонна сүрлем, 4,8 миллион тонна сабан және 4,6 миллион тонна құнарландырылған жем бар.
Мал шаруашылығын қосымша қолдау үшін «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» АҚ мал азығына арналған астық қорын қалыптастыруды жоспарлап отыр. Қажет болған жағдайда бұл қор жемшөптің резервтік көзі ретінде пайдаланылады.
Агроөнеркәсіп кешенінің негізгі міндеттерінің бірі – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, ішкі нарықты жергілікті өніммен қамту.
Облыс әкімдігінде өткен кеңесте айтылғандай, Павлодар облысында азық-түліктің 21 түрі бойынша баға республикалық орташа көрсеткіштен төмен. Тағы 13 тауар бойынша өңір баға ең төмен облыстардың бестігіне кіреді.
Бағаны тұрақтандыруда өңірлік тұрақтандыру қоры маңызды рөл атқарады. Қазан айының басында қорда жалпы құны 2 миллиард теңге болатын 13 түрлі өнімнің шамамен 7,7 мың тоннасы болған.
Жыл басынан бері серіктес 227 дүкен арқылы 883,8 миллион теңгеге 3 088,1 тонна азық-түлік сатылған.
Халықты қолдаудың тағы бір тетігі ретінде «Әлеуметтік әмиян» пилоттық жобасы іске қосылмақ. Осы жоба аясында «Техноснаб ПВ» ЖШС-мен 180 млн теңгеге қарыз беру туралы келісім әзірленіп жатыр. Атаулы әлеуметтік көмек алушылар «Ваш» сауда желісінен азық-түлікті жеңілдетілген бағамен сатып ала алады.
Жергілікті ауыл шаруашылығы өнімдерін делдалсыз сату да жалғасып жатыр. «Jailau» базарында тауарлар күн сайын төмендетілген бағамен ұсынылады. Сонымен қатар облыс қалалары мен аудандарында ауыл шаруашылығы жәрмеңкелері ұйымдастырылады. Жыл басынан бері осындай 408 жәрмеңке өткен.
Облыс әкімі азық-түлік бағасына мониторинг жүргізуді күшейтуді, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына белгіленген 15 пайыздық сауда үстемесінің сақталуын бақылауды және тұрақтандыру қорының мүмкіндіктерін тиімді пайдалануды тапсырды.