Жаңа нысандар, ескі мәселелер: Павлодарда денсаулық сақтау саласы талқыланды

Жаңа нысандар, ескі мәселелер: Павлодарда денсаулық сақтау саласы талқыланды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Депутаттар бюджеттік өтінімдердің кеш берілуі мен мердігерлердің жауапкершілігін сынға алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«AMANAT» партиясының өңірлік филиалында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Нұржан Әшімбетов, Вера Ким және Жарқынбек Амантайдың қатысуымен жұмыс кеңесі өтті. Жиын барысында Павлодар облысында 2023–2025 жылдарға арналған денсаулық сақтау нысандарын дамыту жөніндегі Жол картасының жүзеге асырылу барысы талқыланды.

Кеңес жұмысына облыстық мәслихат депутаттары, партиялық бақылау жөніндегі өңірлік комиссияның төрағасы Олег Костенко, «AMANAT» партиясы облыстық филиалы атқарушы хатшысының міндетін атқарушы Айнұр Мұхамедиярова, сондай-ақ құрылыс, денсаулық сақтау, экономика және бюджеттік жоспарлау, қаржы басқармаларының өкілдері қатысты.

Жол картасына енгізілген алты нысанның бесеуінде – Құркөл, Үштерек, Ивановка, Бәйет және Атамекен ауылдарында – құрылыс жұмыстары толық аяқталып, қазіргі таңда қабылдау актілеріне қол қою күтілуде.

Алайда жалғыз проблемалық нысан – Мыңкөл ауылындағы медициналық пункт. Павлодар облысы құрылыс басқармасының басшысы Асқар Ажмұраттың айтуынша, мердігер компания – «Қайрат ЭК» ЖШС нысанды тапсыру мерзімін бұзған. Осыған байланысты келісімшартты бұзу және аталған компанияны адал емес мердігер ретінде тану мәселесі қаралуда. Қазіргі уақытта нысанда әрлеу және абаттандыру жұмыстары аяқталуы тиіс. Басқарма бұл нысанды қыркүйек айында пайдалануға беруді жоспарлап отыр.

Сонымен қатар, Жол картасының 41-тармағы – ауылдық елді мекендерде жаңа медициналық нысандар салу мәселесі өзекті күйінде қалып отыр. Мәжіліс депутаттары құрылыс және денсаулық сақтау басқармаларының бюджеттік өтінімдерді уақытында ұсынбағанын сынға алды. Бұл бірқатар нысандарды қаржыландыруға қауіп төндірген, сондықтан мәселені жедел түзету және тұрақты бақылауға алу қажет.

Қалған нысандар бойынша жұмыстардың дайындық деңгейі 95 пайыздан жоғары, дегенмен кейбір жағдайларда мердігер ұйымдарға қатысты сотқа дейінгі талап-арыздар қозғалған.

Кеңес қорытындысында депутаттар инфрақұрылымдық жобалардың уақтылы әрі сапалы жүзеге асырылуы – өңір тұрғындарының денсаулығы мен өмір сүру сапасына тікелей әсер ететін маңызды фактор екенін атап өтті. Партия тарапынан бұл бағыттағы бақылау жалғасын табады.