Қайталанған бұзушылық: Павлодарлық жүргізушіні қатаң жаза күтеді

Қайталанған бұзушылық:  Павлодарлық жүргізушіні қатаң жаза күтеді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Ол мас күйде көлік тізгініне қайта отырған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz  тілшісі.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше,  мас жүргізуші бұған дейін де көлік басқару құқығынан айырылғаны белгілі болды. 

- Патрульдік полиция қызметкерлері алкогольдік немесе есірткілік мас күйінде көлік жүргізетін жүргізушілерді анықтауға бағытталған іс-шараларды жүйелі түрде жүргізіп келеді. Мәселен, түнгі уақытта Павлодар қаласында Қамзин көшесінде «Chevrolet Cruze» маркалы автокөлік тоқтатылды. Құжаттарды тексеру барысында  жүргізушіден алкогольдің иісі сезілді, – делінген хабарламада.  

Сараптама тағайындалып,  нәтижесінде оның мас күйде болғаны анықталды.  Сондай-ақ жүргізушінің бұған дейін 7 жылға көлік басқару құқығынан айырылғаны белгілі болды.

Мас жүргізушінің ендігі тағдырын сот шешеді. 

Еске сала кетейік, 7 жылға жүргізу құқығынан айырылған адамның мас күйінде қайтадан көлік тізгініне отыруы қылмыстық құқық бұзушылық болып табылады және Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексімен қатаң жазаланады.

Бұл әрекет ҚР ҚК-нің 346-бабы (Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және мас күйіндегі адамның көлік құралын басқаруы) бойынша сараланады.

Қайталанған бұзушылық үшін 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруы немесе 5 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуі мүмкін.

Бұдан бөлек, 5000 (бес мың) АЕК дейінгі мөлшерде айыппұл салу көзделген және

1200 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту мен көлік құралын басқару құқығынан өмір бойына айыру жазасы қарастырылады.