Мәжіліс депутаты Вера Ким Ақсу қаласына жұмыс сапарымен келді

Мәжіліс депутаты Вера Ким Ақсу қаласына жұмыс сапарымен келді
Фото: «AMANAT» партиясы Павлодар облыстық филиалының баспасөз қызметі

Ол электр станциясындағы еңбек жағдайын бағалап, тоқтап тұрған қалалық қазандық мәселесін шешу үшін құрылған жұмыс тобының жоспарымен танысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«AMANAT» партиясы Павлодар облыстық филиалы баспасөз қызметінің мәліметінше, депутат өңірдегі өзекті инфрақұрылымдық мәселелер мен әлеуметтік жобалардың орындалу барысын жіті тексерді.

Парламент өкілі алдымен Ақсу электр станциясына аялдап, кәсіпорынның өндірістік қызметімен, жұмысшылардың еңбек жағдайымен және оларға көрсетілетін әлеуметтік қолдау шараларымен танысты. Станция жанынан ашылған әлеуметтік дүкен қызметкерлерді ең қажетті тауарлармен қолжетімді бағада қамтамасыз етіп отырғаны ерекше атап өтілді.

Бұдан кейін Вера Ким қалалық жылу қазандығына барды. 

– 2017 жылдан бері іске асырылып жатқан бұл нысанның құрылысы қазіргі уақытта тоқтап тұр. Мәселені шешу мақсатында арнайы «Жол картасы» бекітіліп, Үкімет пен Энергетика, Өнеркәсіп және құрылыс секілді бейінді министрліктердің қатысуымен жұмыс тобы құрылды, – делінген хабарламада.

Сапар барысында депутат ERG компаниясымен әлеуметтік серіктестік аясында салынып жатқан инклюзивті жүзу бассейнінің құрылысымен де танысты. Жаңа нысан қаланың барлық тұрғындары үшін, соның ішінде ерекше қажеттіліктері бар жандар үшін де қолжетімді болмақ.

Жұмыс сапарының соңында Вера Ким Ыбырай Алтынсарин атындағы қазақ орта мектебіне барды. Облыс әкімдігі мен ERG компаниясының қолдауымен мұнда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, мектептің қасбеті мен кабинеттері, инженерлік желілері мен аумағы толық жаңартылған. Қазіргі таңда оқушылар үшін STEM-зертхана, заманауи биология және физика кабинеттері, сондай-ақ жаңартылған акт залы жайлы білім беру ортасын қалыптастырып отыр.