Павлодарда боччадан мықтылар анықталды

Павлодарда боччадан мықтылар анықталды
Фото: автор

Ерекше балаларға арналған спорттық фестиваль мәресіне жетті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Автомобилист спорт кешенінде «AMANAT» партиясының «Кедергісіз келешек» жобасы аясында «Тең мүмкіндіктер фестивалі» өтті. Бұл облыстық кезең екінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр. Фестивальдің басты мақсаты – ерекше қабілеті бар балаларды қоғамға бейімдеу, спорт арқылы әлеуметтендіру және жастар арасында инклюзия қағидатын дамыту.

– Биыл алғаш рет Майқайың ауылынан келген командалар да бақ сынады. Жарыс үш спорт түрінен өтті. Бірнеше жас ерекшеліктері бойынша жеңіл атлетика, жеңіл эстафета, үш жас санатында бочча болды, – деді өңірлік дене шынықтыру оқу-практикалық орталығының басшысы Бақтияр Түсіпов.  

Әр командада үш баладан жиналды. Олардың біреуі ерекше қажеттілігі бар оқушы болуы шарт.

– Жеңімпаздар 4-7 қараша аралығында Астанада өтетін республикалық кезеңге жолдама алады. Өткен жылы павлодарлық спортшылар боччадан екі жүлделі орын, жеңіл атлетика эстафетасынан қола медаль иеленген еді, – деді Бақтияр Түсіпов. 

Фестивальге облыстық мәслихат депутаттары қатысты, оның ішінде облыстық мәслхаттың төрағасы депутат Илья Теренченко бұл жобаның маңыздылығын атап өтті.

– Біз «AMANAT» партиясы көп жылдан бері жүзеге асырып келе жатқан «Кедергісіз келешек» жобасының нәтижесін көріп отырмыз. Өткен жылы 60 қатысушы болса, биыл олардың саны 120-ға жетті, ал бүгін 200-ден астам баланы көріп отырмыз. Бұл бүкіл облыс қамтылғанының дәлелі, – деді ол.

Сондай-ақ, ол ерекше балалардың спортқа қатысуы қоғамдағы бірлікті күшейтетінін жеткізді.

– Ерекше қажеттіліктері бар балалармен бірге жарыстар өткен кезде, бұл барлығын біріктіреді. Бұл қалалар мен аудандар өкілдерінің арасындағы жақсы тандем. Біз оң динамиканы көріп отырмыз, ал депутаттар ретінде оны дамыту үшін қолдан келгеннің бәрін жасауымыз керек, – деді ол 

Фестивальге ерекше балалардың ата-аналары да белсенді қатысты. Солардың бірі Даун синдромымен өмір сүретін Айдархан есімді баланың анасы Асель Нұржанова.

– Біз инклюзия бағдарламасы бойынша оқимыз. Боччамен төрт жылдан бері айналысып келеміз. Бұл спорт ерекше балалардың ойлау қабілетін, шешім қабылдау дағдыларын дамытады. Біздің мектепте инклюзия жүйесі өте жақсы жолға қойылған – мұғалімдер де, көмекшілер де, сыныптастары да үлкен қолдау көрсетіп жүр, – дейді ол.

Фестивальге қатысқан балалардың бірі 11 жастағы Мирас Бейсембай. Ол Павлодар ауданындағы Гагарин ауылынан келген.

– Мен өзім боччамен алты жылдан бері айналысып келемін. Өткен жылы біз алғаш рет қатысып, жеңіске жеттік. Соның арқасында ауылымызда бочча секциясы ашылды. Қазір балалар белсенді түрде жаттығып жүр. Астанада жеңіске жетуге тырысамын – бұл менің мақсатым, – дейді ол.

«Тең мүмкіндіктер фестивалі» – спорттық жарыс қана емес, балаларды қоғамға бейімдейтін, достықты нығайтатын және инклюзивті мәдениетті қалыптастыратын ерекше алаң.