Баянауылда көшпенділер ойындарына орай киелі суды жинайды
Эстафета Олимпиада алауын жағуға ұқсайтын болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
8-14 қыркүйек аралығында Қазақстанда тұңғыш рет Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Бұл жүзден астам қатысушы елден төрт мыңға жуық спортшыны біріктіретін бесінші турнир болмақ.
Ойындардың ашылу салтанаты алдында Қазақстан су эстафетасын өткізеді. Ол Олимпиадалық және Азиялық спорттық жарыстардағы алауды жағу дәстүріне ұқсас болса да, негізгі айырмашылық элементтің өзінде. Ұйымдастырушылар түсіндіргендей, су киелі нышан, сондықтан торсыққа оны киелі көздерден толтырады. Павлодар облысында мұндай орын Баянауыл ауданында орналасқан.
– Эстафетаны 29-30 тамызда өткізуді жоспарлап отырмыз. Баянауыл ауданы, Торайғыр ауылындағы бұлақтан су жинаймыз. Театрландырылған қойылым болады, – дейді дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Есембаев.
Орталық көшелер мен алаңнан суы бар ыдысты алып өтеді, одан кейін 20 адамдық делегациясы бар керуен Астанаға аттанады. Көшпенділер ойындарының ашылу күні батырлар торсықтарды салтанаттың өтетін орнына жеткізеді. Қойылымда киелі судың нақты қалай пайдаланылатыны әлі белгісіз.
Нұрлан Есембаевтың айтуынша, халықаралық турнирді дайындауға еліміздің барлық өңірлері қатысуда. Оңтүстік облыстар жылқымен қамтамасыз етеді. Бұл ретте барлық өңірлер этноауылда бес киіз үйді рәсімдеуі тиіс. Олардың бірінде павлодарлық кәдесыйлар мен туристік әлеует туралы ақпараттар болады.
– Тек спортшыларды, қызмет көрсетуші қызметкерлерді іссапарға жіберуге, даярлауға шамамен 15 миллион теңге жұмсалады. Бірақ одан бөлек мәдениет те бар, олар концерттер жоспарлап отыр, қатысушылар үшін киім тігетін болады, – деп толықтырды Нұрлан Есембаев.
«Көшпенділер» 20 жарыс және он көрсетілімді спорт түрінен медальдарды сарапқа салады. Олар ат жарысы, ұлттық күрес түрлері, интеллектуалдық ойындар, садақ ату, ұлттық құсбегілік. Павлодарлықтар тоғызқұмалақ пен асық атудан құрамада өнер көрсетуге талаптанды. Біріншісі бойынша іріктеу әлі аяқталған жоқ.
Көшпенділер ойындары екі жылда бір рет өтеді. Оларды үш рет Қырғызстан, бір рет Түркия ұйымдастырды. 2024 жылы турнирге тек тарихи көшпенді елдер ғана емес, басқалары да қатысады.
Бұған дейін Қазақстан Президенті су тасқынына байланысты Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына кететін шығынды азайтуды тапсырған болатын.