Қазақстанда халық денсаулығының негізгі көрсеткіштері жақсарды

Қазақстанда халық денсаулығының негізгі көрсеткіштері жақсарды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Елімізде өлім-жітім деңгейінің төмендеуі мен өмір сүру ұзақтығының артуы денсаулық сақтау жүйесіндегі оң өзгерістерді көрсетіп отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Қазақстанда халық денсаулығының негізгі көрсеткіштері бойынша тұрақты оң динамика тіркелді. Атап айтқанда, жалпы және нәресте өлімінің төмендеуі, сондай-ақ күтілетін өмір сүру ұзақтығының артуы байқалды. Бұл нәтижелер денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін және көрсетілетін медициналық көмектің сапасы артқанын айғақтайды.

– Ағымдағы жылдың он айының қорытындысы бойынша халықтың жалпы өлім-жітімі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,7 пайызға, ал нәресте өлімі 18,7 пайызға төмендеді. Дүниежүзілік Банктің деректеріне сәйкес, Қазақстан осы көрсеткіштер бойынша Орталық Азия елдерінің арасында көш бастап тұр. 2024 жылдың қорытындысы бойынша елдегі күтілетін өмір сүру ұзақтығы 75,4 жасқа жетті, – деп атап өтті ҚР Денсаулық сақтау министрлігі баспасөз қызметі.

Сонымен қатар Біріккен Ұлттар Ұйымының 2025 жылға арналған Даму бағдарламасы есебіне сәйкес, Қазақстан Адами даму индексі бойынша өткен жылмен салыстырғанда өз орнын жеті сатыға жақсартып, 193 елдің ішінде 60-орынға ие болды.