Қазақстанда өлшеу дәлдігі халықаралық деңгейде мойындалды

Қазақстанда өлшеу дәлдігі халықаралық деңгейде мойындалды
Фото: pexels.com / VICTOR REGA

Өлшеу құралдарының дәлдігі медицинадан бастап сауда мен өндіріске дейін барлық салада маңызды рөл атқарады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігі баспасөз орталығының мәліметінше, биыл Метрлік конвенцияға қол қойылғанына 150 жыл толды. Бұл құжат әлем елдері үшін ортақ өлшем жүйесін қалыптастырып, әділ сауда мен ғылыми-техникалық ынтымақтастықтың іргетасын қалады. Қазақстан метрология саласындағы дамуын 1923 жылы бастап, бүгінде өлшеу дәлдігі мен сенімділігін қамтамасыз ететін қуатты инфрақұрылымға ие.

Қазіргі таңда елімізде 104 эталон (оның ішінде 50 – мемлекеттік, 54 – жұмыс эталоны), 340-тан астам өлшеу құралдарын тексеру зертханасы және 70-тен аса калибрлеу зертханасы жұмыс істейді. Бұл зертханалар өндірістің, денсаулық сақтаудың, энергетиканың және басқа да маңызды салалардың өлшеу дәлдігін қамтамасыз етеді.

– Өлшеу нәтижелерінің сенімділігі нарықтық қатынастарға қатысушылардың, яғни мемлекеттік органдардың, өндірушілердің, жеткізушілер мен тұтынушылардың арасындағы сенімнің негізін қалыптастырады. Мемлекеттік ғылыми метрологиялық жүйе өлшеулердің бастапқы эталондардан жұмыс құралдарына дейінгі ізгілігін қамтамасыз етеді. Бұл – әділ баға белгілеу, адал бәсекелестік пен нарықтың тұрақты дамуы үшін ажырамас шарт, – деді ҚР Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрайымы Жанна Есенбекова.

Қазақстан метрология саласында халықаралық ынтымақтастықты да белсенді дамытып келеді. ASTM, API, DIN, AFNOR және басқа ұйымдармен 70-тен астам келісім жасалып, еліміздің өлшеу және калибрлеу мүмкіндіктері (CMCs) халықаралық деңгейде мойындалды. Бүгінде Қазақстан Орталық Азияда CMC жазбалары бойынша көш бастап отыр.

– Қазіргі заманғы және технологиялық жағынан жетілдірілген эталондық база Қазақстанда өлшеу, сынақ және өнім сәйкестігін растау қызметіне халықаралық сенімнің қалыптасуына жағдай жасайды. Бұл өз кезегінде саудадағы техникалық кедергілерді жоюға және интеграция жағдайында тауарлар мен қызметтердің еркін айналымына ықпал етеді, – деді Жанна Есенбекова.

Министрлікте атап өткендей, метрология – бұл ғылым ғана емес, экономикалық тұрақтылық пен қоғамдағы сенімнің нақты құралы. Дәл өлшеулер – қауіпсіздік, сапа және әділдік кепілі.