Қазақстандықтар үшін дәрі-дәрмек бағасы 25%-ға дейін арзандады
Елімізде мыңдаған препаратқа шекті баға енгізіліп, тұрғындардың шығыны азайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті мәлімдеді.
– Пациенттердің қаржылық жүктемесін азайту және негізсіз үстемеақылардың алдын алу мақсатында дәрілік заттарға шекті баға белгілеу тетігі енгізілген. Соның нәтижесінде бөлшек саудада сатылатын шамамен бес мың дәрінің бағасы қайта қаралды. Бұл тізімге жүрек-қан тамырлары жүйесінің созылмалы ауруларын, тыныс алу органдарының ауруларын, инфекциялық ауруларды және басқа да кең таралған жағдайларды емдеуге арналған препараттар енгізілді, – делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта 4 994 сауда атауына шекті бағалар бекітілген. Фармацевтикалық қызмет субъектілері дәрілік заттарды осы белгіленген деңгейден аспайтын бағамен сатуға міндетті.
Сонымен қатар 1 707 рецептісіз берілетін препарат мемлекеттік реттеуден шығарылып, нарықтық қағидаттар бойынша сатылуда.
– Еліміздің 20 өңірінде жүргізілген мониторинг нәтижесіне сәйкес, 2026 жылғы наурызда 2025 жылғы маусыммен салыстырғанда 631 атау бойынша бағалар орта есеппен 24,6%-ға төмендеген. Атап айтқанда, Пренесса 8 мг №30 таблеткаларының бағасы 18,3%-ға, Сиалис 20 мг №1 – 16,5%-ға, Тамифлю 75 мг №10 – 14,5%-ға, Периндоприл-Тева 5 мг №10 – 24,3%-ға, ал Энтекавир Вива Фарм 0,5 мг №30 – 20%-ға арзандаған, – деп атап өтті министрліктің баспасөз орталығында.
Комитет тарапынан еліміздің барлық өңірлерінде баға жағдайына тұрақты мониторинг жүргізілуде. Белгіленген шекті бағалардан асып кету фактілері анықталған жағдайда, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 426-бабына сәйкес жауапкершілік қарастырылған.
Азаматтар дәрі-дәрмек бағасына қатысты заңбұзушылықтар туралы DariKZ мобильді қосымшасы арқылы хабарлай алады немесе Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің өңірлік департаменттеріне жүгінуіне болады.