Құрылтай депутаттары қаза тапқан әскерилердің отбасыларына қаржы жинады
Депутаттар жеке қаражатынан 146 миллион теңгеден астам көмек көрсетуге ниет білдірді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Құрылтай Бюросының отырысы Маңғыстау облысындағы әскери оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан әскери қызметшілерді бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды.
Құрылтай Төрағасы Айбек Дәдебай қаза тапқандардың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтты.
– Маңғыстау облысында қызметтік міндеттерін атқару кезінде әскери қызметшілердің қаза болуы – бүкіл халқымыз үшін үлкен қайғы. Барлық депутаттардың атынан қаза тапқан азаматтардың отбасыларына көңіл айтамын. Бұл бәріміз үшін орны толмас қасірет, – деді Айбек Дәдебай.
Депутаттар қаза тапқан және зардап шеккен әскери қызметшілердің отбасыларына ерікті түрде материалдық көмек көрсету бастамасын қолдады.
Қазіргі уақытта олардың жеке қаражаты есебінен 146 миллион 650 мың теңге жиналды. Қаржы «Ұлттық рух» қорына аударылады. Қаражат жинау жалғасып жатыр.
Айдарбек Қожаназаров, Руслан Идрисов, Мейірхат Қасымбаев, Бекжан Айтқұлов және Махамбет Хасенов әрқайсысы 20 миллион теңгеден бөлді. Дана Медеуова, Айжан Наимбекова мен Бауыржан Жамалов 10 миллион теңгеден, Тұрарбек Тілемісов, Мұратбек Мұхамбедиев және Мұса Хайруллиев бес миллион теңгеден аударды. Бегалы Ералиев 500 мың теңге бөлді.
Бұдан бөлек, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына 800 миллион теңгеден астам қаражат бөледі.