Этностардың бірлігі: Ертіс ауданында Наурызнама онкүндігі қалай өтті?

Олар ұлттық құндылықтарды дәріптеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Наурыз мерекесі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың 2024 жылы мақұлдаған Наурызнама тұжырымдамасына сәйкес жаңартылған форматта – Наурызнама онкүндігі аясында өткізілуде. Биыл да мейрамның тойлануы бір күнмен ғана шектелмей, аптаға созылды.
«Нұр - Ана әлемі» ҚБ Ертіс аудандық филиалы бастамасымен ішкі саясат бөлімі мен этномәдениет бірлестіктерінің қолдауымен Наурызнама онкүндігі аясында үлкен мерекелік іс-шаралар тізбегі өтті. Шараға аудан әкімінің орынбасары Роза Ақанова, аудандық мәслихат хатшысы Байшот Шыңғысов және қоғамдық кеңес төрағасы Жанат Беспаев қатысты.
– Этномәдени бірлестіктер ұлттық дәстүрімізде сирек насихатталған тамаша көріністерін көрсетті. Он күннің атауларына сәйкес тамаша дәстүрлерімізді көрсетуі көрерменнің көзайымына айналды, – деді ішкі саясат бөлімінде.
Дәстүр бойынша мереке шашу рәсімінен басталды, оны «Нұр-ана әлемі» бірлестігінің төрайымы қоржын ашу салтымен жалғастырды.
Шаңырақ күні отбасын, үйді, ал мемлекеттік деңгейде ұлттық бірлікті бейнелейді. Бұл күні болгар этномәдени бірлестігі 45 жыл бірге өмір сүрген Иса Байзақов ауылынан шыққан Бәйтеміровтар отбасына құрмет көрсетіп. Берік жанұя бақытты отбасылық өмір сүру сырымен бөлісіп, жастарға бата беріп, өздерін тату одақтың үлгісі ретінде таныстырды.
«Сударушки» орыс және «Пригожуни» белорус этномәдени бірлестіктердің өкілдері мәдениет және ұлттық дәстүрлер күніне орай шашбау рәсімін көрсетті. Олар жас қыздардың шашын өріп, бұрым түрлерін көрсетті.
Ұлттық киім күні «Мирас» орталығының ұйымдастыруымен кішкентай қыздар мен ақ жаулықты әжелер қазақ ұлттық киімінде дефиле көрсетті.
Жаңару күні – рухани ояну мен бірліктің символы. Еліміздің оңтүстік өңірлерінде ағаш отырғызу бойынша жалпыұлттық акция өтті. Сол бастаманы Ертіс ауданының молдован «Виорика» этномәдени бірлестігі қолдап, гүлдерді отырғызды.
Ал ұлттық спорт күні украиналық «Хуторяночк» этномәдени бірлестігі бес асық және тоғызқұмалақ ойындарын ережелерін ауыл тұрғындарына түсіндіріп, ойын ережелерін көрсетті.
Ынтымақ күні «Фархад» өзбек орталығы Наурыз мерекесінің ерекшеліктері мен ұлттық өзбек тағамдары туралы айтып берді. Іс-шаралардың шарықтау шегі ретінде мерекелік дастархан болды. Барлық қонақтар тәтті бауырсақтан дәм татып, Наурыз мейрамына орай бір-біріне жақсы тілектер айтты.