Павлодарда тұрақты тұрғылықты жері жоқ бірнеше азаматқа көмек көрсетілді
Олар қайта әлеуметтендіру орталығына жеткізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің мәлімдеуінше, қиын өмірлік жағдайға тап болған адамдарға көмек беру мақсатында әлеуметтендіру орталығының қызметкерлері қала көшелеріне рейдке шықты. Топпен бірге полиция қызметкері – УПП-1 қызметкері болды.
- Әлеуметтік патруль тобы қаңғыбастықпен, қайыршылықпен айналысатын адамдар көп жиналатын жерлерге рейд жүргізді. Н.Назарбаев, Естай, Лермонтов көшелерін аралап өтті. Рейд барысында тұрақты тұрғылықты жері жоқ, қоғамға жат өмір салтын ұстанатын үш азамат анықталды, - делінген хабарламада.
Әлеуметтік жұмыс маманы мен полиция қызметкері қаңғыбастармен әңгімелесті, олардың барлығын әлеуметтік патрульдікпен қайта әлеуметтендіру орталығына апарып, оларға алғашқы медициналық көмек көрсетті.
Орталық түрлі жағдайларға байланысты баспанасыз, құжатсыз қалған адамдарға көмек көрсете алады. Оларға дәрігерлік-құқықтық кеңестер берілетінін еске салады.