Жетекші ауылында мәдениет үйінің құрылысы уақытында аяқталмауы мүмкін
Жобалық-сметалық құжаттамада кемшіліктер анықталды, деп хабарлайды @Рavlodarnews.kz.
«AMANAT» партиясы Павлодар облыстық филиалы баспасөз қызметінің мәліметінше, Орталық аппарат басшысы Мәди Оспанов Жетекші ауылында болып, мәдениет үйі мен жаңа су құбыры құрылысының барысымен танысты.
– Мердігерлер Жетекші ауылындағы мәдениет үйін 2024 жылдың мамырына дейін тапсыруды жоспарлаған болатын, алайда сатып алу бөлігінде қиындықтар туындап, қосалқы мердігер ұйымда қарыздар қалыптасты. Су құбырын салу жұмыстары кешіктірілді, себебі жобалық-сметалық құжаттамада кемшіліктер анықталып, құбырлардың диаметрі ескерілмеді және ауыл көшелерінің барлығы жобаға енгізілмеген. Түзетулерге байланысты іске асыру мерзімі өзгерді, – деді «AMANAT» партиясы Павлодар облыстық филиалының атқарушы хатшысы Айгүл Маликова.
Ол мердігер ұйымдармен кездесу өткізілгенін және нысандар барлық жұмыстар аяқталғанға дейін партияның тұрақты бақылауында болатынын атап өтті.
Еске сала кетейік, соңғы екі жылда өңірде «Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша 20-дан астам ғимарат жаңарды. Биыл қосымша үш мәдениет үйінің құрылысы басталды. Олардың біріншісі Екібастұз ауылдық аймағындағы Бәйет ауылында бой көтеруде. 150 орындық көрермен залы, кітап оқу және хореография залдары болатын ғимаратты күзге қарай пайдалануға беру жоспарланған. Екінші мәдениет үйі Тереңкөл ауданындағы Қызылтаң ауылында салынуда. Жоба құны 168 млн теңге. Бұдан бөлек, жергілікті бюджет есебінен Жетекші ауылында да мәдениет үйінің құрылысы жүргізілуде.